Жаңбыр, найзағай, тұман: 17 облыста дауылды ескерту жарияланды

Сонымен қатар бірқатар өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.

 BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов 30 Тамыз 2026, 02:28
30 Тамыз 2026, 02:28
256
Фото: BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

«Қазгидромет» бүгін, 30 тамызда Астана, Шымкент және Қазақстанның 17 облысы бойынша дауылды ескерту жариялады. Бірқатар өңірде жаңбыр, найзағай, бұршақ, қатты жел, тұман және шаңды дауыл болжанып отыр.

Астанада жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.

Ақмола облысында жаңбыр мен найзағай, шығысында қатты жаңбыр күтіледі. Кей жерлерде тұман түсіп, жел екпіні 25 м/с-қа дейін күшейеді.

Солтүстік Қазақстан облысында жаңбыр, найзағай және бұршақ болжанады. Жел 15-20 м/с-қа дейін күшейіп, түнде және таңертең тұман түсуі мүмкін.

Павлодар облысында қатты жаңбыр, найзағай мен бұршақ, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында жаңбыр, найзағай және бұршақ күтіледі. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді.

Қарағанды облысында жаңбыр, найзағай, бұршақ пен дауыл болжанып, жел кей уақытта 23 м/с-қа дейін күшейеді. Ұлытау облысында жаңбыр мен найзағай күтіліп, жел екпіні 15-20 м/с болады.

Қызылорда облысында жаңбыр, найзағай, дауыл және шаңды дауыл, ал Түркістан облысында жаңбыр, найзағай мен шаңды дауыл күтіледі.

Алматы, Жетісу, Жамбыл және Маңғыстау облыстарының жекелеген аудандарында жаңбыр мен найзағай болжанады. Жетісу облысында жел екпіні күндіз 23-28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.

Ақтөбе, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде түнде және таңертең тұман күтіледі.

Сонымен қатар бірқатар өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Мұндай қауіп Алматы, Атырау, Ақтөбе, Жетісу, Түркістан, Маңғыстау, Қостанай, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Ұлытау облыстарының жекелеген аумақтарында болжанған.

Наверх