Мемлекеттік грантты өтеу тәртібі мен шарттары: Қаржы орталығы түсіндірді

Мемлекеттік грантпен оқыған түлектер 1 қыркүйекке дейін жұмысқа орналасуы тиіс.

 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов 28 Тамыз 2026, 17:30
28 Тамыз 2026, 17:30
194
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Мемлекеттік грант негізінде білім алған әрбір түлек үшін оқуды аяқтаған соң 3 жыл жұмыспен өтеу міндеті бар. Алайда диплом алған соң қанша уақыт ішінде жұмыс табу керек? Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың еңбегі есептеле ме? Түлек жұмысқа шықпаса, мемлекетке қанша айыппұл төлейді? Осы және өзге де сауалдардың жауабын BAQ.KZ тілшісі Қаржы орталығынан сұрап білді.

Түлек қанша уақыт ішінде жұмысқа шығуы керек?

Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, ағымдағы жылы оқуды бітірген жас мамандар 1 қыркүйектен кешікпей жолдама бойынша жұмыс орнына келуге тиіс. Бірақ бұл ережеден бөлек жағдайлар да бар.

Егер жоғары оқу орнының немесе медициналық ғылыми орталықтың оқу бітіру уақыты (академиялық күнтізбесі) стандартты кестеге сай келмесе, сондай-ақ PhD докторлары үшін жұмысқа орналасу мерзімі – оқу аяқталған күннен бастап 2 ай. Бұл екі айлық мерзім жыл соңына тұспа-тұс келіп, келесі жылға өтіп кетсе де, уақыт аралығы үздіксіз есептеледі.

Түлек өз мамандығы бойынша жұмыс таппаса, дәл осы мерзімде (1 қыркүйекке дейін немесе оқу аяқталған соң 2 ай ішінде) тұрғылықты жері бойынша Мансап орталығына барып, жұмыс іздеуші ретінде тіркелуі міндетті.

Жұмысқа орналаспағандарды сот пен айыппұл күтіп тұр ма?

Егер түлек белгіленген уақытта жұмысқа тұрмаса немесе Мансап орталығында есепке тұрмаса, «Қаржы орталығы» оны бірден сотқа бермейді.

«Қаржы орталығы» АҚ мәліметінше, ең алдымен жұмысқа шықпаудың объективті және субъективті себептері анықталады. Егер жас маманның шынымен жұмыс іздеп жатқаны расталса, оған ақылға қонымды қосымша мерзім беріледі.

Түлек мүлдем байланысқа шықпаған жағдайда:

  • Азаматтық кодекстің 277-бабына сай, «Қаржы орталығы» ресми талап жолдаған күннен бастап 7 күн ішінде түлек міндеттемені орындауы тиіс.
  • Ескерту қалай келеді? Мемлекет түлекке eGov (Цифрлық үкімет) жеке кабинеті, тұрғылықты мекенжайы бойынша тапсырыс хат және ұялы телефонына SMS-хабарлама жібереді.

Бұл шаралар нәтиже бермеген жағдайда, іс сотқа өтіп, оқу шығынымен қатар заңды тұрақсыздық айыбы өндіріледі. Айыппұл Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесімен (2025 жылы – 16,75%) мерзімі өткен әрбір күн үшін есептеледі. Яғни, мемлекетке оқу шығынын қайтару уақыты созылған сайын, күн сайын үстіне қосылатын тұрақсыздық айыбының сомасы да ұлғая береді.

Ақылы бөлімнен грантқа ауысқандар грантты толық өтей ме?

Студент әуелде ақылы бөлімде оқып, кейін грантқа ауысса (не керісінше), не оқудан шығып қайта қабылданса – ол бүкіл 3 жылды емес, тек грантта оқыған нақты уақытын ғана өтейді.

Мұндайда өтеу мерзімі мынадай формуламен есептеледі:

Т = (y / x) × z

Мұндағы: T – өтейтін ай саны, y – грантта оқыған айлар, x – жалпы оқыған айлар, z – 36 немесе 24 айлық өтеу мерзімі.

Мысал үшін: Студент 4 жылдың соңғы 2 жылын ғана грантта оқыса, оған 3 жыл емес, мөлшерлеме бойынша 1,5 жыл (18 ай) ғана жұмыспен өтеу міндеті жүктеледі.

Жеке кәсіпкерлік грантты өтеуге есептеле ме?

Заңнама бойынша түлектің қайда жұмыс істейтіні маңызды емес – мемлекеттік мекеме де, жеке меншік компания да жарай береді.

Грантты өтеу түлек жеке кәсіпкер ретінде ресми тіркелген жағдайда ғана толық есептеледі. Ол үшін Мемлекеттік кірістер органдарындағы тіркеу және өзі үшін БЖЗҚ-ға зейнетақы жарналарын төлегені туралы көшірме жеткілікті.

Жұмыстан шығып кетсе не болады?

Егер жас маман жұмыс істеп жүріп, өз еркімен немесе штаттың қысқаруымен жұмыстан босатылса, оған жаңа жұмыс табу үшін 30 күнтізбелік күн беріледі.

Егер 30 күнде жұмыс табылмаса, осы мерзім өткен соң Мансап орталығына барып, жұмыссыз ретінде есепке тұруы шарт.

Жұмыс орнын ауыстырған сайын түлек 10 күн ішінде бұл туралы «Қаржы орталығына» жаңа құжаттарды жіберіп, хабарлауға міндетті.

Мемлекеттік грантты өтеуден кімдер босатылады?

«Қаржы орталығының» ақпаратына сәйкес, заңнамада түлектерді жұмыспен өтеу міндетінен толық немесе уақытша босату жағдайлары қарастырылған.

Түлек мынадай жағдайларда грантты өтеуден босатылады:

  • I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар;
  • Оқуын аяқтаған соң әскерге шақырылғандар (әскери қызмет мерзімі өтеу уақытына есептеледі);
  • Жүкті әйелдер, сондай-ақ 3 жасқа дейінгі баласы бар (немесе оны жалғыз өзі тәрбиелеп отырған) ата-аналар;
  • Магистратура, резидентура немесе докторантурада (күндізгі бөлімге, мемлекеттік грантпен немесе өз есебінен) оқуын ары қарай жалғастырғандар.

Өтеуден босатылу үшін түлек «Қаржы орталығына» тиісті растаушы құжаттарды (медициналық анықтама, баланың туу туралы куәлігі, оқуға түскені туралы бұйрық және т.б.) тапсырып, ресми түрде өтініш беруі қажет.

Оқу шығыны қанша және мемлекетке қанша сома қайтарылды?

Мемлекетке қайтарылатын оқу шығыны мамандыққа және университет мәртебесіне байланысты. Мәселен, ерекше мәртебесі бар (ұлттық) ЖОО-ларда 1 студентті 1 жыл оқытудың орташа бағасы: педагогикалық ғылымдар бойынша – 1 млн 139 мың теңге, денсаулық сақтауда – 1 млн 230 мың теңге, инженерия және АКТ саласында – 1 млн 111 мың теңге, ал докторантурада 2 млн 223 мың теңгені құрайды.

«Қаржы орталығы» АҚ берген мәліметке сүйенсек, 2012-2025 жылдар аралығында грантпен 357 621 түлек оқу бітірген:

  • 104 263 адам – заңды түрде жұмыспен өтеуден босатылған;
  • 39 549 адам – міндетін толық орындады;
  • 163 011 адам – қазір жұмыспен өтеп жатыр;
  • 4 865 адам – оқу шығындарын өз қалтасынан өтеп берді;
  • 45 686 адам – міндеттемені орындамай отыр.

Бүгінде осы міндетін орындамаған 45 мыңнан астам түлекке қатысты талап-арыз жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 4,5 мыңнан астам адамға қатысты оқу шығынын өндіру туралы сот шешімі шығып қойған.

Нәтижесінде, 2014 жылдан 2026 жылдың ортасына дейінгі аралықта грант міндетін орындамағандардан республикалық бюджетке 7,5 миллиард теңгеден астам (7 567 134 200 теңге) оқу шығыны мен айыппұл өндірілді.

Наверх