Еуропалық одақ Непалда болған жойқын су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсету үшін 2 миллион еуро (2,3 миллион доллар) бөледі. Табиғи апат салдарынан 500-ден астам адам қаза тапқан. Бұл туралы dpa-international басылымы хабарлады.
Жолдар шайылып кетті. Ауылдар сыртқы әлеммен байланыссыз қалды. Отбасылар хабар-ошарсыз кеткен жақындарын іздеп жатыр. Непалдағы жойқын су тасқыны бұған дейінгі апаттардан кейін енді ғана қалпына келе бастаған қауымдастықтарды тағы да күйретті, – деді ЕО-ның дағдарыстарды басқару жөніндегі комиссары Хаджа Лахбиб жұма күні жарияланған мәлімдемесінде.
Оның айтуынша, бөлінген қаражат халықтың денсаулық сақтау, азық-түлік, баспана және ауызсуға қатысты шұғыл қажеттіліктерін өтеуге жұмсалады.
Еуропалық комиссияның мәліметінше, ЕО қаржыландыратын серіктес ұйымдар қазірдің өзінде зардап шеккен аймақтарда көмек көрсетіп жатыр.
Бұл гуманитарлық көмек Еуропалық одақтың Непалда табиғи апаттарға дайындық жұмыстарын жүргізу үшін осы жылдың басында бөлген шамамен 3 миллион еуросына қосымша ретінде беріледі.
Еске салсақ, Непал мен Қытайдың Тибет автономиялық өңірі шекарасында кенеттен болған жойқын тасқын салдарынан кемінде тоғыз адам қаза тауып, жүздеген турист із-түзсіз жоғалып кетті. Әлеуметтік желілер мен жергілікті БАҚ-та тараған бейнежазбаларда адамдардың қатты ағысқа ілесіп кеткені көрінеді.
Кейін су тасқынынан соң 400 туристің із-түзсіз жоғалғанын жаздық.
Бұған дейн ҚР Сыртқы істер министрлігі бұл жағдай министрліктің бақылауында екенін айтып, Непалдағы су тасқынынан зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ екенін мәлімдеген болатын.
Ал кеше белгілі болғандай, Непалдың Расува ауданында болған жойқын су тасқынынан кейін қазақстандық азаматша хабар-ошарсыз кеткендер қатарында. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі BAQ.KZ редакциясының сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Тағы оқи отырыңыз: Қытайдағы жойқын сел: Тоқаев Си Цзиньпинге көңіл айтты
Непалдағы жойқын апат: Із-түзсіз кеткен қазақстандықтардың саны артты