«Қазгидромет» РМК бүгін, 30 мамырда бірнеше өңірде дауылды ескерту жариялады. Елдің бірқатар өңірінде жаңбыр, найзағай, бұршақ, дауыл және қатты жел күтіледі. Кей аймақтарда өрт қаупі де сақталып отыр.
Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында қатты жаңбыр жауып, найзағай ойнап, бұршақ түсуі мүмкін. Кей өңірлерде желдің екпіні секундына 20-25 метрге дейін жетеді.
Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қызылорда облыстарында да найзағайлы жаңбыр мен дауыл болжануда. Қызылорда өңірінің кей аумақтарында шаңды дауыл көтеріледі.
Абай облысында күндіз ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріліп, қатты ыстық болады деп күтілуде. Өңірдің оңтүстігінде шаңды дауыл соғады.
Алматы, Жетісу, Түркістан және Жамбыл облыстарында екпінді жел күтіледі. Таулы аудандарда қысқа мерзімді жаңбыр мен найзағай болуы мүмкін.
Синоптиктер бірнеше облыста жоғары және төтенше өрт қаупі сақталатынын ескертті. Тұрғындарға қауіпсіздік шараларын сақтап, ауа райының өзгерістерін ескеріп жүру ұсынылады.