Ұлттық банк халыққа шынайы ақшаны қолдан жасалған ақшадан ажыратуға көмектесетін ережелер барын еске салады.
Айта кетейік, 2025 жылғы 25 желтоқсаннан бастап жаңа 500 теңгелік ақша айналымға шыққан еді.
Бұл – «Сақ стилі» сериясымен шыққан бесінші банкнот. Оның дизайны дәстүрлі қазақ орнаментінің бастауы саналатын сақтар мәдениетінің көркемдік элементтеріне негізделген. Осылайша, бұл серия көшпенділердің бірегей болмысынан бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі аралықты қамтитын еліміздің бай мұрасын айшықтайды, - дейді Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Осыған байланысты ҚҰБ шынайы банкноттарды қолдан жасалған ақшадан ажыратуға көмектесетін қарапайым ережелер барын еске салады. Осылай тексеру арқылы банкноттың түпнұсқа екенін анықтауға болады.
Ақша белгісінің қорғаныш элементтері туралы
Банкнотта рельеф қалыптастыратын арнайы баспа түрі – алтын интаглио қолданылған. Қазақстан Республикасының елтаңбасы алтын түстес металл бояудың жоғары бедерлі қабатымен басылған.
500_1.png
Алдыңғы бетінде саусаққа анық сезілетін бедерлі әрі жоғары рельефті элементтерді банкноттың жиегінен аңғаруға болады. Ол – көру қабілеті нашар адамдарға арналған белгі.
500_2.png
Банкнот бетінде үзік-үзік пішінде монохромды қорғаныс жібі бар. Ол жарық түскенде бір тұтас жіпке айналады. Банкнотты еңкіш тартып, көлбеу бұрышын өзгерткенде бұл жіптен көгілдір түстің лүпілдеп тұратын динамикалық әсерін байқауға болады.
500_3.png
Локальды су белгісінің қорғаныш элементі – электротип. Жарыққа тосқанда электротип белгісі номинал бейнесінде анық көрінеді.
500_4.png
Номиналы 500 теңгелік банкноттардың қорғаныш элементтері туралы ақпараттық материалмен ҚҰБ YouTube арнасында танысуға болады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда ескі 10 000 теңгелік банкноттар қай уақытқа дейін қолданылатыны анықталды.