Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы іс-шараларға қатысу үшін Астанаға келді. Қазақстан астанасында Еуразиялық экономикалық форум мен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің алдағы отырысы аясындағы кездесулер басталып кетті, деп хабарлайды BAQ.KZ AKIPress агенттігіне сілтеме жасап.
ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің көшбасшылары кедендік реттеу, бюджеттік саясат, көлік дәліздерін дамыту, сондай-ақ интеграциялық бірлестік аясында жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу мәселелерін талқылайды.
Сонымен қатар Астанаға Беларусь президенті Александр Лукашенко да келді. Беларусь басшысының баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол ЕАЭО саммитіне және V Еуразиялық экономикалық форумға қатысады.
Фото: Беларусь президентінің баспасөз қызметі
Биыл Қазақстан ЕАЭО-ға төрағалық етіп отыр және одақтың негізгі интеграциялық іс-шараларын қабылдауда.
Форумға одаққа мүше мемлекеттердің өкілдері, халықаралық ұйымдар, бизнес қауымдастықтар мен сарапшылар қатысып жатыр.
Бұдан бөлек, бүгін Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ресей атом электр станциясы, көлік және білім беру салалары бойынша бірқатар келісімдерге қол қойды.
Негізгі құжаттардың қатарында АЭС құрылысына, теңге мен рубль арасындағы валюталық свопқа, көлік саласын цифрландыруға және «Қазақстан – Сириус» мектебін құруға қатысты келісімдер бар.