Жаңаөзендегі жарылыс. Зардап шеккендерге пәтер берілді

20 Сәуір 2023, 14:19
1410
Бөлісу:
Жаңаөзендегі жарылыс. Зардап шеккендерге пәтер берілді
Фото: abcnews.com

Жаңаөзен қаласында болған төтенше жағдай салдарынан баспанасыз қалған барлық отбасыға пәтер берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жаңаөзен қаласына жұмыс сапары кезінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев биыл 17 сәуірде көп қабатты тұрғын үйдегі жарылыс салдарынан көз жұмған жандардың отбасына барып, өзінің және компания атынан көңіл айтты.

Бұл өте ауыр жағдай. Сіздердің қайғыларыңызға ортақпыз, мықты болыңыздар. Бастарыңызға сынақ түскен кезде біз шет қалмай, Президенттің тікелей тапсырмасымен баспанасыз қалған отбасыларға пәтер алып бердік. Осындай сын сағатта сіздер үшін қолымыздан келгенді жасап жатырмыз, - деді ҚМГ басшысы көз жұмған тұрғындардың туыстарына көңіл айта келе.

«ҚазМұнайГаз» баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта төтенше жағдай салдарынан баспанасыз қалған 9 отбасыға жанұядағы адам санына байланысты екі бөлмелі 2 пәтер, үш бөлмелі 5 және бес бөлмелі 2 пәтер сатып алды.

Еске салсақ, Жаңаөзенде тұрғын үйде газ жарылып, 13-ке жуық адам зардап шекті. Оқыс оқиғаға байланысты жедел штаб құрылды. Жарылыс салдарынан 4 адам қаза болып, 4 пәтер қирады. Сондай-ақ Жаңаөзендегі жарылыс бойынша тергеу жұмыстары басталды. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ тұрғын үйсіз қалған отбасыларға жаңа пәтер берілетінін мәлімдеген болатын.

Өзгелердің жаңалығы