Жаңаөзенде халықтың осал топтарына жататын азаматтар жұмысқа орналастырылады

10 Ақпан 2022, 10:45
1468
Бөлісу:
Жаңаөзенде халықтың осал топтарына жататын азаматтар жұмысқа орналастырылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Маңғыстау облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, 8 ақпаннан бастап Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Абзал Меңдібаевтың төрағалығымен Жаңаөзен қаласында халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі облыстық комиссия жұмысын бастады.

Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметін хабарлады.

Комиссия құрамына мемлекеттік органдардың, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Өзенмұнайгаз» АҚ өкілдері кірді.

Арнайы құрылған облыстық комиссия бастамашыл топ өкілдерімен кездесіп, халықты жұмыспен қамту мәселелерін талқылады. Екі тарап та өзекті мәселелерді жан-жақты қарастырып, келіп түскен ұсыныстарды зерттеді.

Нәтижесінде облыстық комиссия жұмыссыз азаматтарды 3 бағыт бойынша жұмысқа орналастыру туралы шешім қабылдады.

Атап айтқанда:

Қазір қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы «Өзенмұнайгаз» АҚ-да 100, сервистік қызмет көрсететін серіктестіктерде 61 жаңа жұмыс орны құрылып, халықтың осал топтарына жататын азаматтарды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр.

Бұл бағытта арнайы комиссияның шешіміне сәйкес, 2022 жылдың ақпан айындағы жағдай бойынша қолданыстағы алгоритм негізінде 5 санат бойынша кезекте тұрған 100 адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда. Жыл соңына дейін 400-ден астам адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр. Осы алгоритм бойынша тиісті шаралар алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Жаңадан құрылатын 61 жұмыс орнына үміткерлер жұмыссыз азаматтар қатарынан іріктеліп, «Өзенмұнайгаз» АҚ сервистік қызмет көрсету мекемелеріне («КЕЗБИ», «ӨзенПромГеофизика», «БатысГеофизСервис», «АльянсОйлСервис», «КазПромТехКомпани», «Семсер-Өрт сөндіруші», «KUNAN-HOLDING» ЖШС) жұмысқа қабылданады.

Жаңаөзен қалалық жұмыспен қамту орталығында 5 санат бойынша және орта мерзімді кезең бойынша кезекте тұрған азаматтарды еңбекпен қамту жұмыстары жыл бойы жалғасады.  
       
Жаңаөзен қаласындағы шағын және орта бизнес өкілдерін жұмысқа тарту арқылы «Өзенмұнайгаз» АҚ-на ұзақ мерзімді талап етілетін жоспар бойынша түрлі қызметтер көрсететін жеке кәсіпкерлерді тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын құру көзделуде.

Осы мақсатта «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен шағын және орта бизнес өкілдері арасында ұзақ мерзімді келісім-шарттар жасасу бойынша жұмыс жүргізу туралы шешім қабылданды.

«Аутстаффинг» мекемелерінде жұмысқа қабылдаудың орталықтандырылған жүйесі аясында соңғы 2 жылда 1 700 азамат жұмысқа орналасты. Бұл, өз кезегінде, аталған алгоритмнің тиімділігін көрсетті.

Облыстық комиссияның басты міндеті – жұмыспен қамту алгоритмінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету және жұмыссыз азаматтарға жұмысқа орналасуға мүмкіндік беруді жалғастыру.

Бұл жұмыс тұрақты негізде жүргізілетін болады.

Өзгелердің жаңалығы