Жамбылдық жастарды кәсіптік оқыту мен жұмысқа тұру мәселесі жиі толғандырады

18 Мамыр 2022, 00:28
2630
Бөлісу:
Жамбылдық жастарды кәсіптік оқыту мен жұмысқа тұру мәселесі жиі толғандырады

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Жамбылдықтардың денін кәсіптік оқыту мен жұмысқа орналасуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар қызықтырады, өз ісін ашу үшін гранттар мен жеңілдетілген кредит туралы, ипотекамен тұрғын үй сатып алу үшін неғұрлым тиімді ұсыныстар жайын да білгісі келетіндер баршылық. 

Тек соңғы айдың өзінде Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы Тараз қаласы мен аудандарда екі ауқымды ақпараттық-консультациялық алаң ұйымдастырды. Жоғарыдағы деректер сол кездесулердің нәтижесінде белгілі болды. Тұрғындармен әңгімелесу барысында сала мамандары жастарға арналған 10-нан астам мемлекеттік бағдарламаларды түсіндірілді.

Басқарманың мәліметінше, осы бағыттағы жұмыс әлі де жалғасып жатыр. Мәселен, жақында Тәуке хан көшесіндегі «Small» супермаркетінде кеңес беру алаңы өткен. 

Онда күні бойы сатып алушылар мен кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдар өңірдегі халықты жұмыспен қамту орталығының, мемлекеттік кірістер департаментінің, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, жер қатынастары басқармасының және «Отбасы банкі» АҚ мамандарына өз сұрақтарын қойды әрі нақты жауаптарын алды, - деп атап өтті жергілікті әкімдіктің жастар саясаты басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа.

Осындай ақпараттық алаң «MART» сауда-ойын-сауық орталығында да ашылған. Онда да бір жұмыс күні ішінде 500-ден астам жас өздерін толғандырған сауалдарға қатысты ақпаратқа қаныққан.

Кеңес беру алаңдарының жұмысы барысында маған жеңілдетілген ипотекалық кредит беру мәселелері жөнінде сұрап көптеген азамат жүгінген болатын. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға біз «Нұрлы жер» бағдарламасын ұсынамыз. Ол жылдық 5 пайызбен және 20 пайыз бастапқы жарна тәртібімен жүзеге асады. Жақында үйленген және алғашқы отбасылық пәтерін алғысы келетін жас жұптардан көптеген сұрақтар туындайды. Бізде оларға да арналған бағдарлама бар: тұрмыс құрғандарына бір жыл толмаған жастар соңғы бес жыл ішінде жылжымайтын мүлкі жоқ екендігі туралы анықтамаларын алып келсе,  оларға біршама мүмкіндіктер қарастырылған. Қарыз алушыға тұрғын үй құнының жартысын төлеу қажет, қалған соманы төмендетілген пайызбен ресімдеуге болады, - деді «Отбасы банкі» АҚ аға кеңесшісі Ардақ Әбдібаева.

Айта кетейік, Жамбыл облысындағы қалалық және аудандық Жастар ресурстық орталықтары жыл басынан бері 12 мыңға жуық адамды қамтитын 369 кеңес беру алаңын ұйымдастырды. Оның ішінде тоғыз бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, 41 қоғамдық тыңдау, 171 кеңес беру алаңы және 33 онлайн шеберлік сағаты бар.

Өзгелердің жаңалығы