Қорғаныс министрінің орынбасары Асқар Мұстабеков Жамбыл облысында оқу-жаттығу барысында ұшқышсыз ұшу аппаратының штаттан тыс режимде қонғанына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылып, тексеру жүргізіліп жатыр.
Қазір комиссия тағайындалып, зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Алдын ала мәлімет бойынша, техникалық ақау болуы мүмкін деген болжам бар. Бірақ нақты қорытынды комиссия жұмысы аяқталғаннан кейін белгілі болады. Ең бастысы, ешкім зардап шеккен жоқ. Инфрақұрылым нысандарына немесе басқа да объектілерге ешқандай зақым келген жоқ,-деді Асқар Мұстабеков.
Сондай-ақ ол қонған аппараттың бақылау мақсатында пайдаланылатын ұшқышсыз ұшу аппараты екенін айтты.
Бұл – бақылау жүргізуге арналған дрон. Ол жергілікті жердегі жағдайды объективті бақылау үшін қолданылады,– деп түсіндірді министрдің орынбасары.
Еске салсақ, 2 маусымда Әуе қорғанысы күштерінің ұшқышсыз ұшу аппараты жоспарлы оқу-жаттығу кезінде Жамбыл облысы Талас ауданының аумағына штаттан тыс қонған еді.