Жамбылда былтыр 700-ге тарта оқыс оқиға туралы дерек тіркелді

31 Қаңтар 2022, 09:11
1549
Бөлісу:
Жамбылда былтыр 700-ге тарта оқыс оқиға туралы дерек тіркелді

 Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Былтыр Жамбыл облысы аумағында табиғи, техногендік сипатқа жататын 688 төтенше оқиға тіркелген. Олардан 174 тұрғын зардап шексе, 48 адамның көз жұмғаны белгілі болды.

Бұл туралы жерігілкті төтенше жағдай департаменті басшысының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі Ералы Ақылбеков айтты. Оның мәліметіне қарағанда, өткен жылы өрт жағдайларынан зардап шеккендер мен қаза болғандар санының айтарлықтай өсіп кетуіне Байзақ ауданында орын тепкен 28 349 әскери бөлімінде орын алған өрт пен алапат жарылыстың нәтижелері әсер еткен. Сол кезде 17 адам мерт болып, 103 тұрғын түрлі дәрежеде жарақаттанған болатын.

Негізі тұрғын үй секторында өрттердің туындауының негізгі себебі азаматтардың отпен абайсыз қарым-қатынасынан болып жатады. Жалпы, былтыр Жамбыл облысында 5 төтенше жағдай режімі жарияланып, белгіленді, мұның 3-еуі табиғи сипатта, нысандық ауқымда болса, 2-еуі техногендік-табиғи сипатта, жергілікті ауқымдағы оқыс оқиғалар еді. Айта кетерлігі, 17 қарашада соққан қатты боран өңірдің бюджетіне біршама материалдық шығыс алып келді, ақырында 1 206 баспана мен әлеуметтік нысан зақымданды. Бүгінгі таңда демеушілердің көмегімен 1 085 нысанның жағдайы қайтадан қалпына келтірілсе, 121 нысанның жөндеу жұмыстарына облыстық қазынадан 364,7 млн теңге қаралып, игерілді, - деді Ералы Нұрғалиұлы.

Ол өрттің қауіпсіздігі ахуалын қамту үшін сала мамандары өңірдің шаруашылығы бар субъектілеріне 1 734 өрт-техникалық тексеріс жасағанын атап өтті. Іс-шаралардың соңында қауіпсіздік талаптарын бұзудың 11 535 дерегі белгілі болған.

Спикер жыл басынан бері тұрғын үй секторындағы өрттердің алдын алу үшін мүдделі органдардың өкілдерімен бірлесіп, 295 мың үйді аралағандарын да жеткізді. Осы жылу беру маусымы қарсаңында халықтың әлеуметтік осал топтарынан 6 600 тұрғын үй есепке алынған. Қазіргі уақытта ол отбасылардың барлығы профилактикалық жұмыспен қамтып, 4 821 үйге нұсқау берілген.

Профилактикалық тексеру барысында 2 182 тұрғын үйде негізінен электр техникалық желілері мен жабдықтарын, автономды жылыту жүйелерін пайдаланумен байланысты өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 2 979 жағдайы анықталды. Соңғы үш жылы ішінде әртүрлі қаражат есебінен 49 есептеуіш құрылғысын орнаттық. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл облыстық филиалы соңғы екі жыл ішінде газ отынымен жұмыс істейтін тұрғын үйлерге 23 812 газ талдағыш қондырды. Сонымен қатар белгілі мерзімде тұрғын үй секторында 375 өрт орын алса, 120 өрт автокөліктен шыққаны анықталды. Бұл оқыс оқиғалар кезінде 22 адам қаза тауып, 4 адам жарақат алды, - деді жауапты маман.

Ералы Ақылбеков былтыр тұншықтырғыш газбен улану жағдайларының саны 3,5 есеге азайғанын мәлімдеді. 7 адам ауруханаға жатқызылып, 1 азамат көз жұмған.

Оның айтуынша, 2021 жылғы су тасқыны қаупі бар кезең қауіпсіз режимде өткен. Су тасқынына қарсы алдын алу іс-шараларын жүргізу барысында 142 шақырым дренаж мен суару каналдары, 185 шақырым арық желісі күл-қоқыстан тазартылса, темір және автомобиль жолдарындағы 154 көпір мен 522 су өткізу құрылыстары ретке келтірілген. Сондай-ақ 18 ғимарат пен 37 реттеуші құрылғы жөнделіпті. Талас өзенінің жағалауын нығайту жұмыстарына 555,5 млн теңге бөлініп, мақсатты игерілген. Нақтылай айтқанда, Жамбыл ауданында 4,7 шақырым жағалауды бекіту жұмыстары орындалды.

Жамбыл облысының су айдындарында адамдардың қаза болуын болдырмау бағытындағы жоспарланған іс-шараларды орындаудың арқасында суға батқан азаматтардың санын 3,5 есеге азайттық. Есепті кезеңде аймақта 7 адам суға кетсе, оның ішінде 3 бала көз жұмды, - деген азаматтық қорғау полковнигі Азаматтық қорғау республикалық оқу-әдістемелік орталығында жергілікті атқарушы органдардан 91 тыңдаушы оқып, сертификат алғанын атап өтті.

Оның сөзіне қарағанда, аймақтағы атқарушы органдарға, азаматтық қорғау қызметтеріне және кезекші-диспетчерлік қызметтерге адамдардың өліміне және тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының үздіксіз жұмыс істеуіне жол бермеу бойынша шаралар қабылдау қажеттігі туралы 129 дауылды ескерту мен ақпарат жеткізілген. Ал облыс тұрғындарына 227 СМС-хабарламалар жіберу арқылы қолайсыз гидро және метеожағдайлар туралы хабарланды.

Төтенше жағдайлардан халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету біздің және мамандарымыздың басты міндет болып қала береді. Сонымен бірге авариялық-құтқару жұмыстарын тиімді және уақтылы жүргізуді қамтамасыз ете береміз. Бейбіт және соғыс уақытындағы төтенше жағдайларда міндеттерді шешуге әзірлікте азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің күштері мен құралдарын тиісті деңгейде ұстауға мүмкіндігім жетеді. Адамдардың өмірі мен денсаулықтарын сақтауға бағытталған алдын алу шараларын жүзеге асыра береміз, - деді Ералы Нұрғалиұлы.

Өзгелердің жаңалығы