Жамбылда аз қамтылған және көпбалалы отбасылар үшін 10 жатақхана салынады

22 Ақпан 2019, 10:12
2108
Бөлісу:
Жамбылда аз қамтылған және көпбалалы отбасылар үшін 10 жатақхана салынады

Астана, BAQ.KZ. Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов өңірдегі көпбалалы аналармен кездесті. Тараз қалалық Мәденеиет үйінде өткен кездесуге көп ана келді. Олар аймақ басшысы алдында түрлі әлеуметтік мәселені көтеріп, тілек-өтініштерін білдірді.

Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, Асқар Мырзахметов өңірдегі аз қамтылған және көпбалалы аналарға қажетті көмектер барынша көрсетілетінін, ол үшін биылғы бюджет есебінен 30 млрд теңге бөлінгенін жеткізді.

«Аймақ басшысының айтуынша, облыста биыл 10 жатақхана салынады. Оның жетеуі облыс орталығынан, үшеуі Шу, Қаратау, Жаңатас қалаларынан бой көтермек. Бұл жатақханалар тұрғын үй кезегінде тұрған аз қамтылған және көпбалалалы отбасыларды қамтитын болады. Ал осындай отбасылардан шыққан облыс мектептерінде оқитын 29 мың баланың ыстық тамағына 2 млрд теңге, мектеп формасын алып беру үшін 500 млн теңге бөлінбек. Бұдан бөлек, 23 мың оқушыға жазғы сауықтыру лагерлеріне тегін жолдама берілмек», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан оқушылар мен түлектер үшін де айтарлықтай жеңілдіктер жасалынады. Айталық, биыл колледждерге бөлінетін 13 мың гранттың 50%-ы аз қамтылған және көпбалалы отбасының балаларына тиесілі болмақ. Яғни, 6 жарым мыңға жуық студент мемлекет есебінен колледждерде тегін оқытылады. Олардың шәкіртақысы мен тамақтануына 1,7 млрд теңге қаралмақ.

7500 аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың коммуналдық төлемдерін төлеп беру үшін 500 млн теңге бөлінеді.

«Жамбыл облысының әкімі аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың 70%-ы ауылда тұратынын ескеріп, оларға демеушілер есебінен қайтарымсыз мал беру шаралары да қарастырылып жатқанын айтты. Сонымен қатар, өңір басшысы әлеуметтік қолдау көрсету үшін құрылатын арнайы комиссия құрамына да барынша көпбалалы аналардың қосылатынын тілге тиек етті», - деп хабарлады облыстық әкімдікте.

Респибликалық «Бақытты отбасы» акциясы аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларына әлеуметтік қолдау көрсету үшін облыстық «Қамқор» жобасы қолға алынған. Оған 1 мыңнан аса еріктілер тартылды.

Өзгелердің жаңалығы