Жамбылда 36 миллиард теңгеге 7 ірі жоба қолға алынуда

3 Маусым 2021, 09:00
1688
Бөлісу:
Жамбылда 36 миллиард теңгеге 7 ірі жоба қолға алынуда

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Тараз қаласын қоршап жатқан Жамбыл ауданының географиялық орналасуы инвесторларды тартуға, кәсіпкерлікті дамытуға әлеуеті жоғары. 

Облыспен аттас ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің жоғарылауына, халықтың әлеуметтік тұрмыс сапасының артуына елімізде жүзеге асырылып жатқан жобалар мен бағдарламалардың шарапаты тиюде.

Бұл туралы аудан әкімі Сәкен Арубаев айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, Жамбыл ауданында мал басының өсуімен өткен жылы 10,1 мың тонна ет, 42,4 мың тонна сүт, 67,5 миллион дана жұмыртқа өндіріліпті. Бүгінде 6 370 басқа арналған 13 мал бордақылау алаңы мен тауарлы сүт фермасы жұмыс істеуде.

Төрт түлікке қатысты айта кететін бір мәселе, Қырғыз елінен заңсыз өткен малды уақытша ұстау орнының жоқтығы жергілікті тұрғындардың базынасына айналған. Осы мәселені шешу мақсатында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 34 миллион теңгеге Жасөркен елді мекенінен контрабандалық малды ұстайтын арнайы орын салдық. Жалпы, ауданда ауыл шаруашылығы саласында өндіріс орындарының ұлғаюымен қатар дала еңбеккерлерінің табыстары да көтерілген. Атап айтсам, өткен жылы өндірілген өнім 43,8 миллиард теңгеге жетсе, оның 27,8 миллиард теңгесі егіншілікте, 15,8 миллиард теңгесі мал шаруашылығының еншісіне тиіп отыр, - деді Арубаев.

Ол ауданда бау-бақша салумен қатар егіншілік те жақсы дамығанын сөз етті. Биыл ауыл шаруашылығы құрылымдары 57 371 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар орналастырған. Суармалы егіс 29 092 гектар алқапты құрайды. Оның көлемін тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларын қолдану арқылы көбейту жоспарланып жатыр екен. Қазірдің өзінде 62 шаруа қожалығы тамшылатып суаруды – 56 000,5, жаңбырлатып суаруды 280 гектар алқапқа енгізген. Жерден жақсы өнім алу минералды тыңайтқыштар себуге де байланысты екені анық. Осы мақсатта 280 шаруа қожалық минералды тыңайтқыш алып, егіс алқаптарына енгізген.

Жамбыл өңірі жеміс ағаштарын өсіруге өте қолайлы аймақ саналады. Бүгінде 237,6 гектар алқапқа үдемелі алма бақтары орналастырылды. Бұл шаруаны бірқатар кәсіпкерлер табысты жүзеге асыруда. Аудандағы жеті ауылдық округте 295 жылыжай бар. Оның 265-і Қаратөбе ауылдық округінде орналасқан. Биыл бірінші айналымында 300 тонна өнім жиналып, Тараз қаласына өткерілді. Жамбыл ауданы бойынша сыйымдылығы 24 036 тоннаны құрайтын картоп, көкөніс және жеміс сақтайтын 113 қойма жұмыс істеуде. Оның ішінде 5-і типтік, қалған 108-і ыңғайластырылған, - деп атап өтті Сәкен Қаланұлы.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Биыл 219,26 миллион теңгеге 52 дана ауыл шаруашылығы техникасы жаңартылған. Оның 6-уы трактор, 2-уі комбайн, қалғаны ауыл шаруашылығы тіркемелері екен. «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша 1 950,7 миллион теңгеге 18 жоба қаржыландырылған. Екі жобаның құжаттары 35,8 миллион теңгеге қаралымда жатса, қаржыландырылған жобалардың 15-і немесе 83 %-ы АКК арқылы өтіп отыр. Инвесторлар есебінен алдағы уақытта 500-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.

2022-2024 жылдары «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен «Далагро» ЖШС бірлесіп, Қызылқайнар ауылдық округі аумағынан 100 гектар жерге жылыжай кешенінің құрылысын жоспарлауда. Жоба құны 15 миллиард теңгені құрайды. Өңірде 4 500-ге жуық шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Бүгінде бизнес субъектілері аясында 7 100 азамат тұрақты жұмыспен қамтылса, соңғы үш жылда Жамбыл ауданына 78 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылды. Оның ішінде 28,9 миллиард теңге өткен жылдың еншісінде болса, жылдың қорытындысы бойынша жергілікті кәсіпкерлер 34,2 миллиард теңгенің өнімін өндірді, - деді жергілікті шенеунік.

Оның сөзінен белгілі болғандай, биылға жоспарланған меже 30 миллиард теңгені құрап отырған көрінеді. Бұл бағытта ауданда инвестициялық жобаларды мониторингілеу және сүйемелдеу мәселелері бойынша тиісті жұмыс тобы құрылып, инвестициялар пулы анықталған. Қазіргі таңға жалпы құны 36 миллиард теңгеге 7 ірі жоба қолға алынуда. Атап айтсақ, «Аса Агро» ЖШС ет бағытындағы құс фабрикасының құрылысын бастау үшін 2,5 миллиард теңгені жұмсамақ ниетте. Құрылыс жұмыстары аяқталса, тәулігіне 2 тонна 700 килограмм бройлер етін сатылымға шығармақ. Ал 2023 жылдары негізгі капиталға салынған инвестиция көлемін 10 миллиард теңгеге жеткізбек. Бұдан бөлек, 250-ге жуық азамат тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.

Ал «Jambyl Pharm MS» 3,5 миллиард теңге көлемінде фармацевтикалық зауыт салып, 50-ге жуық тұрғынды жұмыспен қамтымақ. Сондай-ақ Айша бибі ауылдық округі аумағынан «Шелл» компаниясы 300 гектар жерге 150 МВТ күн сәулелі электр станциясының құрылысын жоспарлауда. Сонымен қатар осы ауылда бір реттік медициналық бұйымдар шығаруға бағытталған «Супер Фарм» ЖШС екпеге арналған шприцтер шығаратын зауыттың үшінші корпусының құрылысын аяқтап іске қоспақ, - деген Сәкен Арубаевтың инвестициялар тарту жұмыстары бұдан әрі де жалғаса берметінін мәлімдеді.



Өзгелердің жаңалығы