Жамбыл облысында жұмыспен қамтуға 19 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді

22 Шілде 2021, 11:19
1765
Бөлісу:
Жамбыл облысында жұмыспен қамтуға 19 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Биыл Жамбыл облысында Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы аясында барлығы 18,7 млрд теңге қарастырылған.

Бұл туралы жергілікті әкімдіктің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әсел Шаймерденова айтып берді. Оның мәліметінше, бұл соманың 9,5 млрд теңгесі инфрақұрылымдық жобаларға бөлінген. 1,8 млрд теңгесі шағын несие есебінде берілетін болса, агроөнеркәсіптік кешендерге бағытталған жобаларға 7,4 млрд теңге көзделген.

Жалпы құны 9,5 млрд теңгені құрайтын 29 инфрақұрылымдық жобалар іріктелді. Оның ішінде 2,9 млрд теңгесі облигация есебінен жүзеге асырылатын болса, 5,9 млрд теңгесі ағымдағы нысаналы трансферттер арқылы бөлінеді, 0,7 млрд теңгесі облыстық бюджеттен қаралып отыр. Бүгінде 28 жоба бойынша конкурс жарияланып, оның 27-сі аяқталып, мердігерлері анықталды, 22 жоба басталды, - деді жауапты басқарма өкілі.

Ол аталған инфрақұрылымдық жобалар екі бағыт негізінде әзірленгенін де мәлімдеді. Алғашқысына әлеуметтік-мәдени нысандарға жататын 9 жоба жатады. Оның 3-уі білім саласына тиесілі болса, 1-уі мәдениет, 2-уі спорт, 3-уі тұрғындарға қызмет көрсету салаларына қатысты нысандар. Бұларға 5,9 млрд теңге жоспарланған. Келесісіне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарына жататын 20 жоба жатады. Оның 2-уі тұрғын үй, 4-уі су, 2-уі кәріз жүйесіне қатысты, 6-уы газбен жабдықтау, тағы 6-уы электрмен жабдықтау жүйелерін қамтиды. Бұларға қаралған қаражат көлемі 2,9 млрд теңгені құрайды екен.

Жобаларды іске асыру нәтижесінде 704 уақытша, 487 тұрақты жұмыс орындары құрылады деп күтілуде. Оның 560-ы халықты жұмыспен қамту орталықтарының жолдамалары арқылы тартылатын болады. Қазіргі таңда 109 жұмыс орны ашылып, 87-сі халықты жұмыспен қамту орталықтары бойынша шақырылды, - деген Әсел Уәлиқызы Жұмыспен қамтудың жол қартасының екінші бағыты бойынша атқарылған жұмыстарды да баяндады.

Оның сөзіне қарағанда, шағын несиеге үлестірілетін 1,8 млрд теңгеге 227 жобаны қаржыландыру жоспарланған екен. Онда 295 жұмыс орны ашылады. Ал ауыл шаруашылығы саласына қаралған 7,4 млрд теңгеге 2 жоба жүзеге асырылады, нәтижесінде 215 жұмыс орны құрылады деп күтілуде.



Өзгелердің жаңалығы