Жамбыл облысында 371 ауылдың 32-сінде өзге этностар көп – Үйсімбаев

15 Маусым 2023, 10:35
1000
Бөлісу:
Жамбыл облысында 371 ауылдың 32-сінде өзге этностар көп – Үйсімбаев

Жамбыл облысында жыл басынан бері 4 500-ге жуық қоғамдық-саяси, мәдени іс-шаралар өтті. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне өңір басшысының орынбасары Еркін Үйсімбаев айтып берді.

Ол аймақта мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асатын 148 жобаға 1 162,4 млн теңге қаржы бөлінгенін де атап өтті. Жалпы, облыста 82 БАҚ болса, 46 баспа құралы, 3 телеарна, 33 ақпараттық агенттік жұмыс істейді екен. Ал ақпараттық тапсырысқа 1 млрд теңге қаржы қаралған.

Үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы рөлі мен маңызын арттыратын құралдардың бірі – мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қолдау көрсету жобалары. Жоспарланған қаржы көлемінің 78 пайыздан астамы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен бөлімдер, халықты жұмыспен қамту орталықтары тарапынан халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдауға жұмсалады. Мұның ішінде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге, инватакси, оқыту қызметі, ымдау тілі маманының қызметі және тағы да басқалары қарастырылған, - деді Еркін Құлымбайұлы.

Оның мәліметінше, өңірде 75 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Жамбыл облысындағы 371 елді мекеннің 32-сінде өзге этностар тығыз орналасқан. 2020 жылы бастау алған «Бейбітшілік пен келісім» жобасы 2022 жылы Тараз қаласы мен аудандардағы этнос өкілдері тығыз орналасқан елді мекендерден бөлек, барлығы 163 елді мекенде жалғасын тауыпты. Этностар тығыз шоғырланған және түйткілді мәселелері бар Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Мойынқұм, Сарысу, Т.Рысқұлов, Талас, Шу аудандары тұрғындарының проблемаларын нақты шешу бойынша жұмыстарды жүргізген мекеме-кәсіпорын басшылары мен өкілдері жоба барысында 533-кездесу, 150-қоғамдық қабылдау өткізген.

Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында биылғы сәуір айынан бастап Т. Рысқұлов, Мойынқұм, Шу, Қордай аудандарында жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Этносаралық және конфессияаралық келісім», «Әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу және бизнесті дамыту» және «Құқық қорғау» жұмысшы топтары өз салалары бойынша 257 іс-шара ұйымдастырды. Олар 10 684 адамды қамтыды, - деді аймақ басшысының орынбасары.

Өңірде халыққа қызмет көрсетіп отырған 510 мәдениет, архив мекемелері бар. 2023 жылы салаға 11,9 млрд теңге қаржы қарастырылған. 14 мәдениет нысанының құрылысын жүргізуге бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлініп отыр. 21 нысанда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары қолға алынды.

Еркін Үйсімбаев Жамбыл облысындағы 3 435 тарих және мәдениет ескерткіштің 728-і мемлекеттік тізімге алынғанын жеткізді. 698-і жергілікті, 25-і республикалық дәрежеде, 5-еуі ЮНЕСКО-ның «Бүкіл әлемдік мәдени мұра» тізіміне алынған, яғни халықаралық дәрежедегі ескерткіштер мәртебесіне ие. Ал қалған 2 707 тарих және мәдени ескерткіштер алдын-ала тізімге алынған.

Өңірде тұрғындарға мәдени-көпшілік қызмет көрсетіп отырған 197 мәдениет үйі мен клубта ашылған 841 үйірмеге 10 318 адам тартылған, оның ішінде балалар үйірмесі - 523, оларға 6 662 жеткіншек келеді. 53 ұжымның «халықтық», «үлгілі» атақтары бар. Былтыр мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында 217 үйірмеге 4-17 жас аралығындағы 4 577 бала қатысты. Ал биыл 208 үйірмеге 5 273 бала қатысып жатыр. Өңірдегі 274 кітапхананың 268-і интернетке қосылған. Барлық кітапханалар компьютермен қамтылған, - деді әкімдік өкілі.

Биыл Әулиеата өңірінен шыққан бірқатар өнер майталмандарының мерейтойлары – Тұңғышбай Жаманқұловтың 75 жасы, Мұрат Құсайыновтың да 75 жасы, Әкім Таразидың – 90, Пернебай Дүйсенбиннің – 80 жасы және бірқатар ауқымды жобалар іске асырылады екен.

Бүгінде аймақта дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 482,6 мың адамға немесе тұрғындардың 39,6 пайызына жеткен. Жыл соңында осы көрсеткішті 42 пайыға жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар қазіргі кезде 23 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Оның 14-і былтырдан өтпелі, жаңадан 9 нысанның құрылысы басталған.

Жыл соңына дейін 16 спорт нысаны қолданысқа беріледі. Қалған 7 нысан келесі жылға өтпелі. Мамыр айында халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі 57,5 пайызды құрады. Осы көрсеткішті биыл 59 пайызға жеткіземіз. 2023 жылға спорттық тапсырысқа облыстық бюджеттен 1 236,6 млн теңге бөлінген. Бүгінде 34 өнім беруші 119 спорттық секция ашты, спорттың 17 түрінен ваучер 6 818 балаға беріліп отыр. Қазіргі таңда аймақта 67 спорт мекемесі жұмыс істейді, 51-і облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты, қалғаны аудан әкімдіктерінің бағынысында, - деп түсіндірді Еркін Құлымбайұлы.

Жақында – 1-14 мамыры аралығында бокстан Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласында өткен Әлем чемпионатында Қазақстан құрама командасының капитаны 71 келі салмақ дәрежесінде Асланбек Шымбергенов алтын, ал 67 келіде Дулат Бекбауов күміс медаль еншіледі. Тараз қаласынан Асланбек Шымбергеновке 3 бөлмелі пәтер, Дулат Бекбауовқа 2 бөлмелі пәтер берілген, жеке бапкерлері Ермек Ертаевқа 5 млн теңге мен Нұрлан Ақүрпековке 3 млн теңге қаржылай сыйақы үлестірілген.

Спикер облыс аумағында 11 конфессиядан тұратын 385 діни бірлестік пен филиал жұмыс істейтінін атап өтті. Оның ішінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 339 мешіт пен христиандық бағыттағы 46 шіркеу мемлекеттік тіркеуден өткен. Жергілікті әкімдіктің дін істері басқармасы тарапынан дін саласындағы жұмыстар 3 негізгі бағытта атқарылуда. Алғашқысы, адрестік ақпараттық-түсіндіру жұмысы. Есепті кезеңде ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелерімен офлайн-форматта 476 іс-шара өтсе, оларға 15 мыңнан астам мақсатты топ өкілдері қатысты. Екіншісі, интернет кеңістікте қарсы насихаттау жұмысы. Жыл басынан 6120 күдікті сілтеме анықталды. Талдамалық интернет карта бағдарламасы арқылы әлеуметтік желілердегі деструктивті діни топтарға тіркелген 1 364 тұрғын экстремистік топтардан шығарылды. Үшіншісі, оңалту және дерадикализациялау жұмысы. Бүгінде аймақта деструктивті діни ағымды ұстанатын мыңға жуық азамат бар, олар 66 жамағат мен топтан тұрады.

Деструктивті діни ағым өкілдері арасында жүргізілген оңалту жұмыстарының нәтижесінде биыл осы бағыттағы 31 азамат қоғамға бейімделді. Былтыр 148 азаматты қоғамға бейімдеген болатынбыз. Жалпы, облысымызда діни ахуалдың жай-күйін тұрақтандыру бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Жастар саясатына келсек, өңірде 327 мыңнан астам жас бар, бұл облыс халқының 26,8 пайызын құрайды. Жастардың 137 390-ы қалада, 189 881-і ауылдық жерде тұрады. Аймақта жастар саясатын жүзеге асыруға 1,9 млрд теңге қарастырылған, өткен жылы бұл көрсеткіш 1,2 млрд теңге еді. 2022 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жергілікті бюджеттен 41,4 млн теңгеге 6 жоба қаржыландырылса, осы жылы 69 млн теңгеге 21 әлеуметтік маңызы бар жобаны қаржыландыра бастадық, - деп түсіндірді аймақ басшысының орынбасары.

Ол биыл «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жоба аясында 10 022 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылғанын атап өтті. Жастармен 3 237 іс-шара өткізіліп, 94 126 адам қамтылған. Волонтерлік бағытта 505 іс-шара ұйымдастырылып, 7 762 адамның басы қосылыпты. Жамбыл облысында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2023 жылдың алғашқы үш айында 5,1 пайызды, яғни 12 923 адамды құрады. Ал NEET (жұмыссыз, оқымайтын) санатындағы жастардың үлесі 8,6 пайызды – 28 258 адамға кеміген.

Былтыр өңір жастарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында «Әулиеата жастары» бағдарламасы іске қосылған болатын. Бағдарламаға жергілікті бюджет есебінен 500 млн теңге бөлінді. Бүгінде «Отбасы банк» АҚ Жамбыл облыстық филиалы тарапынан 40 қатысушының өтінімі мақұлданып, бағдарлама аясында баспаналы болды. Енді осы бағдарлама аясында баспанамен қамтылатын жастардың санын арттыру мақсатында жалпы 2 млрд теңге қаражат қаралды. Яғни 1 млрд теңге жергілікті бюджеттен, 1 млрд теңге «Отбасы банк» АҚ тарапынан. Жобамен биыл 140 жасты баспанамен қамтитын боламыз, - деді Еркін Үйсімбаев.

Оның дерегінше, биыл білім саласына 317 млрд теңге қаражат бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 1,2 есеге артқан. Былтыр 18 мектеп пен 2 мектептің қосымша құрылысына 7 млрд теңге қаржы қарастырылыпты. 2022 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған 10 мектептің 8-інің құрылысы аяқталды. 2 мектептің құрылысы 2023 жылға өтпелі. Осы жылы 17 мектеп пен 7 мектептің қосымша, 1 ангар құрылысына 23,1 млрд теңге қаржы қаралған. Осының ішінде 10 мектеп пен 4 мектептің қосымша құрылысы бітіп, пайдалануға беріледі.

2024 жылы 7 мектеп пен 3 мектептің қосымша құрылысы аяқталады деп күтілуде. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 7 мектеп бар. Бұдан бөлек, осы жылға 17 білім беру нысанының күрделі жөндеу жұмыстарына 4,4 млрд теңге бөлінді. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту көрсеткіші 3-6 жас аралығында 100 пайызды, 1-6 жас аралығында 91,7 пайызды құрайды. 2-6 жас аралығында балалардың 94,1 пайызы балабақшаға барады. Өткен жылы қадамдық жоспарға сәйкес 2 197 орындық 24 балабақша ашу жоспарланған. Жыл басынан 1 765 орындық 14 балабақша ашылды, - деді әкімдіктің өкілі.

Жамбыл облысы бойынша 78 мектептен тыс мекемеде 68 570 оқушы, 39 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 30 410 бала және жалпы білім беретін мектептерде 126 мың оқушы қосымша білім берумен қамтылған, бұл барлық оқушының 75,5 пайызы екен. Өңірдегі барлық білім беру ұйымдарында бейнебақылау камералары орнатылған.

Әкімнің орынбасары биыл 49 137 көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларын ыстық тамақпен, киім-кешек, жазғы сауықтыру лагерьлерімен қамтамасыз етуге жалпыға міндетті білім беру қорынан 5,7 млрд теңге бөлінгенін жеткізді. Бүгінде 6 233 бала инклюзивті білім берумен қамтылған. Мектепке дейінгі ұйымдардың 80 пайызында, мектептердің 88,9 пайызында инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалған.

Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша өткен жылы орташа балл 82,5-ті құрады. 1 218 бітіруші 100-ден жоғары балл жинады. Осы жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуге 12 070 оқушы қатысады. Негізі, өңірде 44 техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері жұмыс істейді. Былтыр талап етілетін мамандықтар бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде 5 734 орын бөлінген. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2 518-ге артық, - деді Еркін Құлымбайұлы.

Оның сөзіне қарағанда, облыста мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 92,6 пайызға жеткен. Жастардың 77 пайызы қазақ тілінде білім алуда. Мемлекеттік мекемелерде құжат айналым толықтай мемлекеттік тілде. Қазақ тілін оқытудың Жол картасы бекітілген. Былтыр мемлекеттік тілді оқу курстарына 3547 адам қатысса, оның 91 пайызы өзге этнос өкілдері. Жалпы, үш тіл (қазақ, орыс, ағылшын) бойынша өткен жылы барлығы 4 675 тыңдаушы тегін оқу курстарымен қамтылды. Бүгінгі күні үш тілде 2618 тыңдаушы білім алып жатыр.

Тіл үйренушілерге тілдік орта қалыптастыру мақсатында «SŐİLE» клубы жұмыс істейді. Бұдан басқа, әлеуметтік желіде 5 жоба – «Tarazlatyn», «Сауаттылық Time», «Мен қазақша сөйлеймін», «Termindi Bil» және «Til Bailyq» жобалары жүзеге асырылуда. Өңірде мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту бағытында жыл басынан бері 79 іс-шара ұйымдастырылып, 6 мыңға жуық адам қамтылды. Қоғамдық қатынастардың барлық саласында мемлекеттік тілде қызмет көрсету сапасын арттыру басты назарда, - деді облыс әкімінің орынбасары.

Оның сөзінен ұққанымыз, ономастикалық атауларды біріздендіру жұмыстары да жүйелі жалғасуда. Бүгінде аймақта 5 800 елді мекен мен көше бар. Олардың 11,4 пайызы өзгертуді қажет етеді. Яғни, олардың топонимикалық жүгі жоқ немесе аса танымал емес кісі есімдерімен аталады. 2022 жылы облыста 198 нысанға және елді мекен мен құрамдас бөліктерге атау беріліп, қайта аталса, жыл басынан бері Жол картасына сәйкес 124 нысандар мен құрамдас бөліктерге атау беру және қайта ату жұмыстары жүргізілуде.

Өзгелердің жаңалығы