Елге тауық жұмыртқаларын әкелуге уақытша тыйым салынды

27 Сәуір 2024, 05:28
5626
Бөлісу:
Елге тауық жұмыртқаларын әкелуге уақытша тыйым салынды
Фото: BAQ.KZ архив

Елімізге тауық жұмыртқаларын сырттан әкелуге уақытша тыйым салынды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Шектеу «Қазақстан Республикасының аумағына автомобиль көлігімен тауық жұмыртқаларын әкелуге тыйым салуды енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2024 жылғы 24 сәуірдегі бұйрығымен Қазақстан Республикасының аумағына автомобиль көлігімен үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен тауық жұмыртқаларын (Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатуралық коды: 040721) әкелуге алты ай мерзімге қойылған.

Айта кету керек, тыйым Қазақстан Республикасының аумағы арқылы тауық жұмыртқаларының транзитін, сондай-ақ олардың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекеттің аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше екінші мемлекеттің аумағына Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өтуіне қатысты қолданылмайды.

Тағамдық жұмыртқа импортына уақытша тыйым көктемгі-жазғы кезеңде отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында енгізілді.

Осы кезеңдерде жұмыртқаға сұраныстың төмендеуі байқалады, нарықтың қажеттіліктері өнеркәсіптік өндіріс арқасында және үй шаруашылығы өнімдерінің нарықта белсенді болуымен толығымен жабылады. Бұл фактор құс фабрикаларының қызметіне теріс әсер етеді, жұмыртқа бағасы төмендейді. Бағаның өзіндік құннан төмен түсуі кәсіпорындардың рентабельділігіне теріс әсер етеді. Сондай-ақ осы кезеңде жұмыртқаны сақтау мерзімі қысқарады, бұл ретте технологиялық ерекшеліктерге байланысты жұмыртқа өндіру көлемі азаймайды, бұл қоймаларда тауардың артық жиналуына әкеледі, - делінген ведомство хабарламасында.

Осыған байланысты, отандық тауар өндірушілерді қолдау және ішкі нарықты қорғау мақсатында Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияда көктемгі-жазғы кезеңге автомобиль көлігімен тауық жұмыртқаларын Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге уақытша шектеу шараларын белгілеудің орындылығы мақұлданған болатын.

Бұйрық 2024 жылдың 1 мамырынан бастап күшіне енеді.

Өзгелердің жаңалығы