Жамбыл облысында 31 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді

29 Қаңтар 2022, 10:15
2282
Бөлісу:
Жамбыл облысында 31 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Жамбыл облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұру бойынша нақты бағыттарда жұмыстар жүргізілуде.

Бұл туралы жергілікті әкімдіктің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев айтып берді. Оның сөзінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес аймақтағы атқарушы органдар сауда үстемесі мөлшерінің сақталуын бақылау бағытында кешенді шаралар қолданып жатыр.  

Дүкендерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына үстемақы қою 15 %-дан аспауы тиіс. Алайда, бақылау жұмыстарын жүргізуде үйде орналасқан дүкендердің көптігіне байланысты және осы дүкендерде ресми құжат айналымының болмауы сияқты қиындықтар кездеседі. Бұл дүкендерде облыс аудандары мен Тараз қаласы әкімдіктерінің бақылау мониторингтік топтары нақты тексеріс жасайтын болады. Сонымен қатар, жеміс-көкөніс өнімдеріне бақылауды күшейту жөнінде фитосанитариялық қызметтің және барлық сауда субъектілерінің бақылау-кассалық машиналарды қолдануы бағытында салық органдарының жұмысы күшейтіледі, - деді Аспандияр Мұраталыұлы.

Ол өздерінің аймақтағы бағаның қалыптасуына талдау жүргізілгенін де атап өтті. Яғни, дүкендердегі бағалар өндірушінің бағасынан, көтерме жеткізушілердің және дүкеннің өзінің сауда үстемесінен құралатынын көрсеткен. Дүкендер мен өнімдердің түрлерін әртүрлі жеткізушілер жеткізуі мүмкін, алайда олардың ішінде делдалдық тізбектер құрап, нәтижесінде өнім бағасының өсуіне әкеліп соғады.

Сондай-ақ, дүкендерде тауарларды шағын партиялармен сатып алу тәжірибесі қалыптасқан. Өйткені, тауарлардың үлкен партияларын сатып алуға бос айналым қаражаттарының және оларды сақтайтын қоймалардың болмауы мүмкіндік бермейді. Бұл факторлардың нәтижесінде дүкендерде әр кезде әртүрлі бағамен сатып алуға және бағаның үнемі өсуіне алып келеді, - деп түсіндірді жауапты маман.

А.Сейсебаев негізгі әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағаларын тұрақтандыру үшін мемлекеттік реттеудің міндеттері бекітілгенін жеткізді. Мәселен, облыстың ірі сауда желілерін қазақстандық тамақ өнімдерін өндірушілерден және ірі көтерме қоймалардан тікелей жеткізумен қамтамасыз ету процесін ұйымдастыру жүзеге аспақ. Мұны үйлестіру, яғни өндірушіден дүкенге дейін тауарға ілеспе жүйені бақылау мен реттеу де назарға алынатын болады. Сақтау мерзімінің ұзақтығы 3-5 айға дейінгі азық-түлік тауарларының қорын құру да жоспарда бар көрінеді.

Бұл шаралар бағаның өсуін толығымен тоқтатпайтыны рас. Себебі, бизнес нарықтық экономика жағдайында, яғни бағаның қалыптасуына әлемдік экономика, құрғақшылық немесе нәтижелі өнім беруі сияқты табиғи факторлар да, маусымдық және басқа да жағдайлар әсер етіп жатады. Бірақ, бұл шаралар, біріншіден, қажетсіз делдалдық байланыстарды жою арқылы бағаны төмендетуге, екіншіден, ірі партияларды сатып алу мен қоймаларда 5 айлық тауар қорын сақтау арқылы инфляция қарқынын бәсеңдетуге мүмкіндік береді, - деді спикер.

Оның мәліметінше, өңірдегі халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін әлеуметтік дүкендер мен павильондардың жұмысы жалғаса беретін болады. Бүгінде Жамбыл облысында 31 әлеуметтік дүкен жұмыс істейтін болса, мұның 16-сы Тараз қаласында, 15-і аудан орталықтарында орын тепкен. Оларда халықтың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін нарықтық бағадан төмен бағамен сатып алуына болады. Бұдан бөлек, азық-түлік өнімдерінің жергілікті өндірісін мемлекеттік қолдау мен дамытудың кешенді саясаты да жүргізілуде.

Сонымен қатар келесі жылдың соңына дейін әр жыл сайын 20 мың тонна тауық етін, 90 млн жұмыртқа, 1 млн тонна қант, 2 160 тонна ұн, 3 600 тонна сүт, 7 000 тонна сүт өнімдерін өндіру жолға қойылмақ.

 

Өзгелердің жаңалығы