Алматыда әскерге шақыру науқаны аясында заңнама талаптарын сақтауға қатысты негізгі мәселелер түсіндірілді.
Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы, полковник Жақсылық Айтбаевтың айтуынша, қолданыстағы заңнама шақырылушыларға да, жұмыс берушілерге де бірдей жауапкершілік жүктейді, сондай-ақ әскери қызметке қатысты мәселелерді «бейресми» жолмен шешуге толық тыйым салынған.
Әскери комиссариаттарда әскерге баруды кейінге қалдыру немесе «ақ билет» алып беру қызметін ұсынатын «көмекшілерге» тоқталған спикер, әскерден жалтарудың кез келген заңсыз тәсілі үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын қадап айтты.
Полковник әскерге баруды кейінге қалдырып немесе «ақ билет» алып беруді ұсынатын әскери комиссариаттағы «көмекшілер» туралы да айтып өтті.
Әскери қызметті кейінге қалдыруды, міндетінен босатуды заң бойынша шақыру комиссиясы ғана шешеді. Оған делдал керек емес. Жалған дәрігерлік анықтама алып, ауру деген диагноз қойып, әскери қызметтен жалтарудың басқа да заңсыз жолын ойлап табу делдалға да, әскерге шақырылған адамға да қылмыстық жауапкершілік жүктейді, – дейді Жақсылық Айтбаев.
Әскерге барудан жалтарғандардың жауапқа тартылатынын еске салды.
Заңды негізі болмаған жағдайда әскерге шақырудан жалтару айыппұл арқалап, еңбекпен түзеу жұмысына не бір жылға дейін бас бостандығын шектеуге немесе айыруға әкеп соғады. Жазасын ауырлатар басқа да себеп болған жағдайда жаза жағы одан да қатаң болуы мүмкін, – дейді ол.
Жұмыс берушілер үшін де жауапкершілік қарастырылған. Ұйым басшылары әскери есепте тұратын және әскерге шақырылатын қызметкерлер туралы мәліметті дер кезінде ұсынуға міндетті.
Мұндай деректі әскери органдарға уақытылы немесе мүлдем ұсынбаса 10-нан 40 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салады, – деп толықтырды Айтбаев.
Еске салайық, бұған дейін Қорғаныс министрі сарбаздардың телефон қолдану тәртібіне қатысты бұйрыққа қол қойған болатын.
Тағы оқи отырыңыздар:
3 мың қазақстандық әскери жиындарға шақырылады: Жаңа бұйрық қашан күшіне енеді?
2026 жылы Қазақстанда әскери парад өте ме? – Қорғаныс министрлігі жауап берді
Маңғыстаудағы сарбаз өлімі: Шекара заставасының бастығы 2 жылға сотталды