Тиісті өзгерістерге Қорғаныс министрі 2026 жылғы 30 наурызда қол қойды.
Құжатқа сәйкес, әскери бөлімдерге іссапарға жіберілген және әскери бөлім аумағындағы қызметтік тұрғын үйлерге орналастырылған ҚР Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері мен азаматтық персоналына, сондай-ақ әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілерге жеке пайдаланудағы техникалық құралдарды орналасу орнына дейін өшірулі күйінде алып келуге және алып шығуға рұқсат етіледі.
Бұдан бөлек, бұйрықта ұялы телефондарды пайдалануға ішкі күн тәртібімен белгіленген жеке уақытта, іссапарға жіберілген немесе шақырылған әскери бөлімшелер мен бөлімдердің орналасу орындарының шегінде жол берілетіні көрсетілген.
Мерзімді қызметтегі сарбаздар, курсанттар, әскери оқу орындарының кадеттері және “Жас ұлан” әскери мектептерінің тәрбиеленушілері үшін де жеке құрылғыларды өшірулі күйінде алып келу мен алып шығуға рұқсат күшінде болады, – делінген құжатта.
Телефондарды тек өз бөлімшесінің шегінде, сондай-ақ әскери госпитальдар мен медициналық мекемелерде пайдалануға рұқсат етіледі. Гаджеттерді пайдаланудың нақты уақыты мен тәртібін әскери бөлім командирі айқындайды.
Еске салайық, бұған дейін түрмеде отырғандарға телефон пайдалануға рұқсат берілуі мүмкін екені хабарланды.
Тағы оқи отырыңыздар:
Жамбыл облысының тұрғыны бейтаныс әйелді смартфонмен ұрып, бассүйегін сындырды
Шымкентте тұрғындар iPhone-ды 45 мың теңгеден "сатып алған"
Қазақстанда ұялы байланыс операторын ауыстыру ережесі өзгеруі мүмкін