«Жабайы таксилер көбейіп кетті». Депутат тексеріс жүргізуді ұсынды

22 Қараша 2023, 13:28
765
Бөлісу:
«Жабайы таксилер көбейіп кетті». Депутат тексеріс жүргізуді ұсынды
Фото: Арман Мухатов - архив

Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов Үкімет пен Бас прокуратураға жолдаған сауалында жол мәселесін көтеріп, бірнеше мәселені шешуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат атап өткендей, ranking.kz және qamqor.gov.kz құқықтық статистика талдау баспасының деректері бойынша 2023 жылдың 10 айында елімізде 11 мың 618 жол көлік оқиғасы болды. Оның ішінде 1942 адамның – 1 386 ер, 556 әйел, 246 кәмелетке толмаған жасөспірім жол үстінде жан тапсырған.

Сонымен қатар әртүрлі деңгейдегі дене жарақатымен түскендердің саны 14 456 адамға жетті. Осылардың ішіннен қаншама азамат мүгедек болып өз қолы өз аузына жетпей қалды. Неліктен бұл дүниенің көлігі о дүниеге жедел жөнелту құралы болып отыр? Бұған байланысты бірнеше себептерді атап, солардың шешілу жолдарын Үкіметтен сұраймын және осы мәселелерге қатысы бар барлық мекеме мен жауапты тұлғаның қызметін тексеруді Бас прокуратураға қажет деп есептеймін, - деді депутат Ерболат Саурықов.

Ол мынадай ұсыныстар айтты:

  1. Жүргізуші куәлігінің сатылуы, сыйлық ретінде таратылуынан тәжірибесіз жүргізушілердің көбеюі, қысқасы осының маңайындағы коррупция қашан шешіледі?
  2. Біздегі техникалық тексеру орталықтарының басым бөлігінің берген сараптамалары жалған. Олардың қолына ақша қыстырсаң болғаны қалаған құжатыңды аласың. Көлік ол жерге көз қылып кіреді де шығады. Сондықтан да ескі машиналар техникалық жағынан сын көтермесе де трассада жүр.
  3. Оң рульді көліктердің көбеюі немесе оң рульді көлікпен адам тасымалдау бизнесінің артуы белең алып барады;
  4. Оң рульді көліктердің еш техникалық қауіпсіздікті сақтамастан, заңсыз жолмен сол бетке ауыстырылуы, нәтижесінде техникалық ақаудың болуы, жол апатының болуына алып келеді;
  5. Индрайвер, яндекс, арнайы жарнамалау арқылы заңсыз адам, жүк таситын жабайы таксилердің көбеюі, қала аралық такси бизнесінің көлеңкелі экономиканы күшейтуі салдары жолға қойылмай отыр;
  6. Қырық, елу адамдық қалааралық жолаушылар автобустарының техникалық қауіпсіздігі мәселесінің мемлекеттік қадағаланбауы, жылдамдықты мөлшерден тыс арттыруы және автобус жүргізушілерінің тәжірибесінің жеткіліксіздігі;
  7. Ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүк артуы, салдарынан жолда дөңгелектерінің жарылуы, жүктерінің құлауы немесе жол ережесін сақтамауы;
  8. Үлкен жолда ерсілі-қарсылы ағылып жатқан жеңіл көліктің жартысына жуығы Қырғызстан, Армения, Грузия, Ресей сынды шетелдік тіркеудегі жеңіл машиналардың көбеюі, заңсыз жасалған көлік техпаспорттары, тіркеуге алынбаған машиналар мен жылдамдықтың шамадан тыс артуы;
  9. Жол сапасына да ерекше тоқталу қажет. Облыс маңызды және ауыл аралақ жолдар көп жерлерде сын көтермейді, бір жолақты, енсіз, одан қала берді шұрқ тесік. Бұл да жол апатының бірден бір себебі болып табылады.

Депутаттың сөзінше, статистика бойынша Алматыға күніне кіретін 700 мыңға тарта көліктің жартысына жуығы қалаға таксилетіп ақша табу мақсатымен келеді. Нәтижесі республикамызда жол көлік оқиғасы көп болатын аймақтар басында Алматы қаласы тұр. Жыл басынан бері аталған сегіз ай ішінде онда 826 оқиға тіркелген. Үштікті Алматы және Жамбыл облыстары тұйықтайды.

Өзгелердің жаңалығы