Жақыныңа жанашыр бол: Жанымызды шүберекке түйіп жүрміз

19 Маусым 2020, 15:02
2130
Бөлісу:
Жақыныңа жанашыр бол: Жанымызды шүберекке түйіп жүрміз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін - медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Коронавирус пандемиясымен күрес кезеңінде ақ халатты абзал жандардың жұмысы жоғары бағаланды. Тәулік бойы қауіпті ошақтың ортасында жұмыс істеп жүрген жандардың бірі – Күлбаршын Хасенова.

Хасенова медицина саласына бірден келмегінін айтты. Ол алдымен зауытта бір жылдай еңбек еткен.
Кейін Нұр-Сұлтан қаласындағы (ол кезде Целиноград) медициналық университеттің училищесінде 1990-1992 жылдары аралығында жұмыс істедім. Одан кейін Макинск қаласындағы аурухананың жан сақтау бөліміне мейірбике болып жұмысқа тұрдым. Биыл осы бөлімде жұмыс істеп жүргеніме 28 жыл толады, - дейді ол. 
жанр1.jpeg

Мейірбикенің айтуынша, 30 жылға жуық уақыт ішінде жұмыстың машақаты мол болған.
Бастапқы кезеңде қиындық көп болды. Бізден үлкен қызметкерлерден үйрендік, біліктілікті арттырдық. Қиын кезеңде жылайтынбыз да, күлетінбіз де. Барлығын еңсердік. Ұйқысыз түндер көп болды. Қанша ота жасалды, - деді ол. 

Маман осы қызмет еткен уақытта отбасынан қолдау мол болғанын айтады.
Бір ұлым мен екі қызым бар. Жолдасым күні-түні жұмыс істеп жүргеніме түсінушілікпен қарайды. Себебі, мен тек өз отбасымның ғана емес, тұрғындардың да денсаулығына жауаптымын. Әрине, үйде қолдау тапқаннан кейін жұмыста жаның тыныш болады. Ештеңеге алаңдамай, өз ісіңе беріліп жұмыс істейсің, - деді ол. 

Хасенованың айтуынша, коронавирус індеті ауданды да айналып өтпеген. 
Біздің ауданнан да вирус жұқтырғандар шықты. Осыған орай, қазір екі мейірбике, 2 санитар дүйсенбіден дүйсенбіге дейін бөлімде бір апталық карантинде отырмыз. Шынымды айтсам, жанымызды шүберекке түйіп жүрміз. Індеттен тезірек құтылсақ екен, - деді ол. 
Сондай-ақ, мейірбике барша әріптесін мерекемен құттықтады.
Барлық медицина қызметкерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Жұмыстарына табыс, денсаулық тілеймін. Осы қиын кезеңді баршамыз жұмыла жеңіп шығамыз деп ойлаймын, - деді Күлбаршын Хасенова.




Өзгелердің жаңалығы