Жүргізуші куәлігінен айырылған азамат мас күйінде тағы көлік тізгіндеген – Павлодар

3 Қыркүйек 2020, 00:25
1985
Бөлісу:
Жүргізуші куәлігінен айырылған азамат мас күйінде тағы көлік тізгіндеген – Павлодар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тереңкөлде жүргізуші куәлігінен айырылған азамат мас күйде қайта көлік рөліне отырған. Жүргізушіге қатысты тергеу жүргізілуде, деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Облыстық полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған, сондай-ақ, жүргізуші куәлігінен айырылған, бірақ көлік басқаруды жалғастыратын адамдарды анықтау жұмысын тұрақты негізде жүргізеді.

Тереңкөл ауданының полицейлері патрульдеу кезінде 27 жастағы жүргізушінің басқаруындағы «ВАЗ-21114» автокөлігін тоқтатты. Жүргізушіден алкогольдің иісі шығып тұрған, медициналық тексеру оның алкоголь пайдаланғанын растады. Одан әрі тексеру барысында жүргізуші сот шешімі бойынша екі ай бұрын көлік құралын басқару құқығынан 8 жылға айырылғаны анықталды. Алайда осыған қарамастан, ол тағы да мас күйінде көлік тізгініне отырған, - деді Тереңкөл аудандық полиция бөлімінің басшысы Арман Кәрімов.

Департаменттің хабарлауынша, қазіргі уақытта жүргізушіге қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Автокөлік айып тұрағына қойылды.

Айта кетейік, жыл басынан бері облыс бойынша полиция қызметкерлері көлікті мас күйінде басқарған 852 жүргізушіні ұстаған.


Өзгелердің жаңалығы