Жүргізуші куәлігі, диплом: eGov мобильдік қосымшасында тағы не пайда болуы мүмкін

7 Ақпан 2020, 15:01
1822
Бөлісу:
Жүргізуші куәлігі, диплом: eGov мобильдік қосымшасында тағы не пайда болуы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Цифрлық даму министрі Асқар Жұмағалиевтің төрағалығымен өткен Мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында осындай ұсыныс айтылды.

"ҰАТ" АҚ басқарма төрағасы Әсет Тұрысов мемлекеттік орган өкілдеріне азаматтардың мобильдік қосымшаға енгізілген құжаттарының тізімін кеңейтуді ұсынды.

Бүгінгі күні азаматтар eGov мобильдік қосымшасынан өзінің жеке куәлігін көре алады. Егер өзімен бірге жеке куәліктің түпнұсқасы болмаған жағдайда, мобильдік қосымшадағы құжатты пайдалана алар еді. Дәл осындай принциппен диплом, жүргізуші куәлігі, техникалық төлқұжат және басқа да құжаттарды орналастыруға болады - деді Әсет Тұрысов. 

Ведомствоаралық комиссияның төрағасы, цифрлық даму министрі Асқар Жұмағалиев бұл идеяны жүзеге асыруда мемлекеттік органдарға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

Біз өз тарапымыздан мемлекеттік органдарға барынша қолдау көрсетуге дайынбыз. Азаматтың барлық құжаттарының бір қосымшада орналасуы өте ыңғайлы болар еді. Осыған орай, мемлекеттік ұйымдардың цифрлық құжаттарды түпнұсқамен тең дәрежеде қабылдау мәселесін шешу қажет, - деді министр. 

"Азаматтарға арналған үкімет" КЕАҚ басқарма төрағасы Әсемгүл Балташева өз кезегінде, ХҚКО-да азаматтар жеке куәлігінің түпнұсқасын ұсынбай-ақ, оны eGov қосымшасы арқылы көрсете алатынын айтты.

Комиссия отырысында сондай-ақ, алдағы жұмыс жоспарлары талқыланып, мемлекеттік қолдау және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру шараларын мерзімінен кешіктірмеу, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін уақтылы интеграциялау қажеттігі айтылды.

Цифрлық комиссарлар көтерген мәселелер де талқыланды. Атап айтқанда, комиссия жеке куәлікті онлайн ауыстыру қызметіне баса назар аударды. Қызметті онлайн көрсетуден бас тарту көрсеткішінің 80%-ы пайдаланушылардың сапасыз фото ұсынуына байланысты. Осы орайда, Асқар Жұмағалиев қызмет көрсетушіге бұл мәселені шешу
жолдарын "ҰАТ" АҚ-мен бірлесе пысықтауды тапсырды.

 

Әріптестер, егер 100 өтінімнің 80-і фотоның сапасыз болуына байланысты қабылданбайтын болса, онда бұл мәселені шешу қажет, анықтау керек, - деді Жұмағалиев.
 

Бұл ведомствоаралық комиссияның 57-отырысы екенін айтып өткен жөн. Комиссия қабылдаған шешімдер мен мемлекеттік органдар жүргізген жұмыс нәтижесінде 231 мемлекеттік қызмет автоматтандырылды және оңтайландырылды. Осының есебінен талап етілетін құжаттардың орташа пакеті 30%-ға азайып, қызмет көрсетудің орташа мерзімі 3 есе (31 күннен 10 күнге дейін) қысқарды.

 

Өзгелердің жаңалығы