Өзгенің көлігін дөңгелексіз қалдырған күдіктілер ұсталды

10 Наурыз 2020, 14:28
1346
Бөлісу:
Өзгенің көлігін дөңгелексіз қалдырған күдіктілер ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысының Іле ауданының 23 жастағы тұрғыны полицияға "Лада-2115" көлігінен белгісіз тұлғалардың төрт дөңгелегін ұрлап кеткені туралы хабарлаған. 

Оқиға орнына шұғыл жеткен жедел-іздестіру тобы Боралдай кентіндегі көпқабатты үйлердің бірінің ауласындағы көліктен түнгі мезгілде дөңгелектердің ұрланғанын анықтаған.

Қылмысты ашуға бағытталған кең ауқымды жұмыстар барысында тәртіп сақшылары сатып алушыдан ұрланған дөңгелек табылып тәркіленді. Қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтау барысында 22 жастағы дөңгелектерді сатушы табылып, оның ұрлыққа қатысы бар болып шықты. Бір сағат ішінде оның 19 жастағы қылмыстық істегі серігі де ұсталды, - деп хабарлады Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.

Алматы қаласының тұрғыны болып шыққан екеу көліктерімен жолаушы тасымалдап жүріп, Боралдай кентінде сақтық шаралары жоқ автокөлікті көрген. Қымбат дөңгелектері мен жаңа резинасын байқағанда күдіктілер ұрлауға бел байлаған. Қолды болған дөңгелектер заңды иесіне қайтарылды.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы