Қазақстанда зейнетақы активтерінің бір бөлігін жеке басқарушы компанияларға конкурстық негізде беру жоспарланып отыр. Алайда салымшылар компанияны өздері таңдамайды және жинақтарын тікелей аудармайды. Басқарушыларды Ұлттық банк іріктейді. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк бағалы қағаздар нарығын дамытуға арналған ауқымды бағдарлама әзірлеген.
Бағалы қағаздар нарығы ұзақмерзімді қаражатсыз дами алмайды. Елдегі мұндай қаражат негізінен зейнетақы қорында бар. Сондықтан зейнетақы активтерін басқару қағидалары мен тәсілдерін өзгертпей, бағалы қағаздар нарығын дамыта алмаймыз әрі салымшылар жинағының кірістілігін арттыру қиын болады, – деді Тимур Сүлейменов.
Қазір азаматтар зейнетақы жинағының 50%-на дейінгі бөлігін өздері таңдаған инвестициялық портфельді басқарушы компанияға беруге құқылы. Алайда Ұлттық банк төрағасының айтуынша, бұл мүмкіндік кең қолданыс таппаған. Бүгінде жеке басқарушылардың иелігіндегі зейнетақы активтерінің көлемі шамамен 120-130 млрд теңгені құрайды.
Салымшылар басқарушы компанияны өздері таңдай ма?
Жаңа тетік бойынша салымшыларға жинақтарын басқа компанияға аударудың қажеті жоқ. Қаражат Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында қала береді. Ал Ұлттық банк негізгі басқарушы ретінде зейнетақы активтерінің жекелеген портфельдерін конкурс арқылы кәсіби инвестициялық компанияларға береді.
Алғашқы кезеңде мемлекеттік бағалы қағаздар портфелін басқаруға беру көзделген.
Біз ең тәжірибелі, қаржылық тұрғыдан орнықты жергілікті басқарушы компанияларды конкурсқа шақырамыз. Олар өз стратегиялары мен мүмкіндіктерін таныстырады. Соның нәтижесінде әр компанияға активтердің белгілі бір көлемін басқару мандаты беріледі, – деді Ұлттық банк төрағасы.
Компаниялардың жұмысы ай сайын, тоқсан сайын және жыл сайын бағаланады. Жоғары кірістілік көрсеткен басқарушы портфельді сақтап қалады. Ал нәтижесі төмен компаниядан активтер алынып, тиімді жұмыс істеген басқа басқарушыға беріледі.
Егер басқарушы жоғары кіріс әкелсе, портфель оның басқаруында қалады. Кірістілік төмен болса, портфельді алып, басқа компанияға береміз. Осындай тәсілді Ұлттық қор активтерін басқаруда қолданып келеміз. Соңғы жылдары бұл модель өзінің тиімділігін көрсетті, – деді Сүлейменов.
Оның айтуынша, зейнетақы қаражатын жеке компанияларға сеніп тапсыру үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан реформа кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Бағдарламаны 2026 жылдың соңына дейін, болжам бойынша, алдағы айлардың бірінде бекіту жоспарланған. Бұдан кейін Құрылтаймен бірлесіп, қажетті заңнамалық өзгерістер әзірленеді. Жаңа жүйе 2027 жылдың соңына қарай іс жүзінде іске қосылуы мүмкін.
Еске салсақ, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін төмендетті.
Ұлттық қордан инфрақұрылымдық жобаларға 2027-2029 жылдары бағытталатын 5 трлн теңгенің ықтимал инфляциялық әсері Ұлттық банктің болжамдарына енгізілді. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Тағы оқи отырыңыз: Инфляция 9,8%-ға түсті: Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендету себебін атады
Базалық мөлшерлеме төмендесе, шетелдік инвесторлар кетпей ме? – Ұлттық банк жауабы