Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 50 базистік тармаққа төмендету туралы шешім қабылдады. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бұған инфляцияның баяулауы, теңгенің нығаюы және халықтың инфляциялық күтулерінің төмендеуі негіз болғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін төмендеткені хабарланды.
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, шешім болжамдық раундтың нәтижелеріне, қазіргі макроэкономикалық ахуалға, ақша-кредит шарттарына және тәуекелдер балансына жүргізілген кешенді талдау негізінде қабылданған.
Тамыз айының қорытындысында Қазақстандағы жылдық инфляция 11 ай қатарынан баяулап, 9,8%-ға дейін төмендеді. Осылайша көрсеткіш алғаш рет бір таңбалы деңгейге жетті.
Бұған жүргізіліп жатқан ақша-кредит саясаты, теңге бағамының нығаюы, тұтынушылық сұраныстың тұрақтануы және Үкіметпен бірлесіп қабылданған инфляцияға қарсы шаралар әсер етті, – деді Ұлттық банк төрағасы.
Азық-түлік инфляциясы көкөністер мен жемістердің арзандауы, сондай-ақ импорттық бағалардың төмендеуі нәтижесінде 9,5%-ға дейін баяулаған. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы теңге бағамының нығаюы аясында 11,4%-ға түсті.
Сүлейменовтің сөзінше, теңгенің нығаюына Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты мен мұнай бағасының қолайлы болуы ықпал етіп отыр. Ұлттық валютаның күшеюі импорттық тауарлардың құнын төмендетіп, инфляцияны тежеуге мүмкіндік берген.
Қызмет көрсету саласындағы инфляция да реттелмейтін қызметтер бағасының баяулауы есебінен 8,9%-ға дейін төмендеді. Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер бағасының динамикасы да сервистік инфляцияға тежеуші әсер еткен.
Тамызда жалпы инфляцияның айлық өсімі 0,6% деңгейінде сақталды. Базалық инфляция шілдедегі көрсеткіштен өзгермей, 0,7%-ды құрады. Маусымдық факторлардан тазартылған инфляция 0,9% болды.
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік берген тағы бір оң фактор ретінде халықтың инфляциялық күтулерінің бәсеңдеуін атады. Шілдеде алдағы бір жылға қатысты инфляциялық күтулер 13,4%-дан 12,1%-ға дейін төмендеген.
Бұл халықтың қосылған құн салығының өсуіне, тарифтер мен азық-түлік бағасының қымбаттауына қатысты алаңдаушылығының азаюымен байланысты.
Жалпы алғанда, бұл жүргізіліп жатқан ақша-кредит саясатына және инфляцияны төмендетуге бағытталған шараларға деген сенімнің артып келе жатқанын көрсетеді, – деді Тимур Сүлейменов.
Сонымен қатар ішкі экономикада тұрақты өсім сақталып отыр. Қаңтар-шілде айларында жалпы ішкі өнім 4,1%-ға өсті. Тау-кен секторын есептемегенде экономикалық өсім 5,4%-ды құрады. Құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік және қоймалау салаларында жоғары өсім тіркелген.
Осы кезеңде бөлшек сауда көлемі нақты мәнде 4,1%-ға артты. Шілдеде тұтынушылық кредиттердің жылдық өсімі 11,3%, оның ішінде кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша 8,2% болды.
Дегенмен Ұлттық банк инфляциялық тәуекелдер әлі де жоғары екенін ескертті. Әлемдік азық-түлік пен энергия тасымалдаушылар бағасының өсуі, геосаяси ахуал, ішкі сұраныс пен ұсыныс арасындағы ықтимал теңгерімсіздік, фискалдық тәртіп және жанар-жағармай бағасының өзгеруі инфляцияға қысым түсіруі мүмкін.
Сондықтан реттеуші базалық мөлшерлеменің төмендеуіне қарамастан, ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтау қажет деп есептейді.
Ұлттық банктің басты міндеті өзгеріссіз қалады. Ол – инфляцияның тұрақты төмендеуін қамтамасыз етіп, оны орта мерзімді кезеңде 5%-дық нысаналы деңгейде тұрақтандыру, – деді Ұлттық банк төрағасы.
Реттеуші 2026 жылға арналған инфляция болжамын 9-11% деңгейінде сақтады. 2027 жылға арналған болжам 6,5-8,5%-ға дейін көтерілді. Ал 2028 жылы инфляцияның 5%-дық нысанаға жақын деңгейде тұрақтануы күтіледі.