Ұлттық қордан инфрақұрылымдық жобаларға 2027-2029 жылдары бағытталатын 5 трлн теңгенің ықтимал инфляциялық әсері Ұлттық банктің болжамдарына енгізілді. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жоспарға сәйкес, Ұлттық қордан 2027 жылы 2 трлн теңге, ал 2028 және 2029 жылдары 1,5 трлн теңгеден бөлінеді. Тимур Сүлейменовтің айтуынша, бұл шешім Үкіметтің 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында ескерілген.
Бұл – болжамымызға әсер еткен жаңа факторлардың бірі. Біз оны мұқият зерделеп, модельге енгіздік және ықтимал әсерін бағаладық. Үш жылға бөлінетін 5 трлн теңге абсолюттік мәнде қомақты көрінеді. Алайда болжам бойынша экономика көлемі 200 трлн теңгеден асады. Сондықтан экономиканың ауқымымен салыстырғанда, бұл аса үлкен сома емес, – деді Ұлттық банк төрағасы.
Фото: ҚР Ұлттық банкі
Оның сөзінше, реттеуші аталған қаражаттан инфляцияға төтенше немесе шамадан тыс қысым болады деп күтпейді. Дегенмен бұл фактор базалық мөлшерлемеге қатысты алдағы шешімдерде ескеріледі.
Сүлейменов қаражаттың қалай игерілетіні маңызды екенін атап өтті. Инфрақұрылымдық жобалар экономикадағы түйткілді мәселелерді шешіп, өндірісті және қосылған құн көлемін арттыруға тиіс.
Экономикада сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігі маңызды. Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде отандық тауарлар, жұмыстар мен қызметтер ұсынысы өсуі керек. Сонда өсіп келе жатқан сұраныс пен оған ілесе алмаған ұсыныс арасындағы алшақтықты қысқартуға болады, – деді ол.
Ұлттық банк төрағасының айтуынша, экономикалық өсімді қолдау мен инфляцияны тежеу мәселесінде Үкімет пен реттеуші арасында тиісті үйлестіру және тұрақты коммуникация бар.