Зауыттарда балаларымыз қаза тауып жатқанда керемет баяндамаларды неге тыңдап отыруымыз керек? - Сайыров

5 Желтоқсан 2023, 16:34
483
Бөлісу:
Зауыттарда балаларымыз қаза тауып жатқанда керемет баяндамаларды неге тыңдап отыруымыз керек? - Сайыров
Фото: Арман Мухатов - архив

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды жетілдіру бойынша көшпелі отырыста еңбек қауіпсіздігі мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Біз еңбек қарым-қатынасы бойынша заңды қиындатып жібердік. Қазір бірде-бір мемлекеттік орган ештеңе істей алмай отыр. Мысалы, «АрселорМитталТеміртау» АҚ-да тергеу жүргізіліп жатыр. Ертең оған кім жауапты болады? Әрине, бір «сварщикті» тауып алады. Мен оған 100 пайыз сенімдімін. Себебі заң бойынша олар қарсы шыға алмайды. Зауыттағы әрбір жарақат үшін зауыттың иесі жауап беруі керек дегенді заңға енгізуіміз керек. Оны мойындауымыз керек. Неге біз мына жерде керемет баяндамаларды тыңдап отыруымыз керек? Ана жақта зауыттарда балаларымыз бен аға-бауырларымыз қаза тауып жатыр. Сол себепті біз шынайы болуымыз керек. Заң келгенде біз өзіміздің дұрыс ұсынысымызды береміз, - деді Сайыров.

Депутат Германияның тәжірибесін мысалға келтіріп, оларда 150 жыл бұрын ондай тәртіп енгізілгенін айтты.

Біз қазір XXІ ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Біз заңға ондай талаптарды енгізбегенше, ештеңе өзгермейді. Бізде жыл сайын 2 500 адам қаза табады. Соғыста сонша адам қырылмайды, - деді ол.

Депутат мұндай отырыстарды жылы кабинеттерде емес, өндіріс ошақтарында өткізуді ұсынды.

Теміртау жанымызда тұр. Ертең -40 градус аяз болғанда бірінші проблема туындайды. Сол жаққа барып, жиын өткізейік. Біздің балаларымыз қандай жағдайда жұмыс істеп жатқанын көреміз. Бұл апокалипсистен де жаман, - деді Сайыров.

Өзгелердің жаңалығы