Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару: Кімнен, қанша және қалай?

27 Маусым 2023, 19:15
3999
Бөлісу:
Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару: Кімнен, қанша және қалай?
Фото: BAQ.KZ - архив

Мәжіліс «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасын екінші оқылымда қабылдап, Сенатқа жолдады. Осы орайда BAQ.KZ тілшісі активтер бірінші кезекте кімнен қайтарылатына үңіліп, жалпы процесс қалай жүретінін анықтап көрді.

Әртүрлі сарапшылардың есебіне сәйкес, мемлекет қаражатын ұрлау, сыбайлас жемқорлық, қаражатты заңсыз иемденіп, салықтан жалтару нәтижесінде Қазақстаннан осы кезге дейін шамамен 140-160 млрд доллар шығарылған. Ал еліміздегі қазіргі заңдар активтерді ашу, растау, шығу тегі мен қайтарудың тиісті рәсімін толық көлемде қамтамасыз ете алмайды.

Осы орайда «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасы дайындалды. Мәжіліс депутаты Снежанна Имашеваның айтуынша, құжаттың негізгі мақсаты – заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару және (немесе) оларды Қазақстандағы заңды экономикалық айналымға тарту, оларды заңсыз алуға және шығаруға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою, сондай-ақ қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру.

Заң кімге және қалай қолданылады?

Заң келесі адамдарға қатысты қолданылатын болады:

  • Қазақстан азаматтарына, шетел азаматтарына және азаматтығы жоқ адамдар;
  • «Астана» халықаралық қаржы орталығының аумағын қоса алғанда, Қазақстанда тіркелген заңды тұлғалар (компаниялар);
  • Қазақстаннан тыс жерде тіркелген заңды тұлғалар (компаниялар);
  • Тіркеу еліне қарамастан иелегінде, меншігінде, пайдалануында немесе бақылауында бар (болған) Қазақстанда не Қазақстаннан тыс жерде заңсыз активтері бар (болған) заңды тұлға ретінде құрылмаған шетелдік құрылымдар.

Активтерді табу бір бөлек, елге қайтару немесе өндіріп алу бір бөлек. Осыған орай барлық заңсыз алынған актив келесідей принциптер негізінде қайтарылады:

  • заңды сақтау;
  • ерікті қайтаруды ынталандыруға басымдық беру;
  • барлығын жария әрі ашық ету және есеп беру;
  • процеске қатысушылардың құқығы, бостандығы мен мүддесін қорғауға басымдық беру;
  • мемлекет пен азаматтық қоғамның бірлесе жұмыс істеуі;
  • азаматтық қоғамның, сондай-ақ активтерді заң аясында алғандар мен адал кредиторлардың құқығын қорғау;
  • активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар мен тетіктердің бірдей пропорционал болуы.

Осы тұста айта кететін жайт, активтерді заңсыз алған және шығарған фактілер туралы хабарлаған немесе өзге түрде жәрдемдескен кез келген азамат мемлекеттің қорғауында болып, жәрдем алады.

Сондай-ақ активтерді қайтарумен айналысатын уәкілетті орган мәртебесін Бас прокуратура алды. Олар өз жұмысы аясында құқық қорғау органдарымен, арнаулы мемлекеттік органдармен, уәкілетті мемлекеттік органдармен, әртүрлі ұйымдармен, квазимемлекеттік сектор субъектілерімен өзара жұмыс істей алады. Сонымен қатар заңсыз алынған және шығарылған активтерді қайтару мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында комиссия құрылады.

Заңсыз алынған және шығарылған активтер қалай қайтарылады?

Активтерді қайтару ерікті немесе мәжбүрлі болуы мүмкін. Өз еркімен қайтару деген – заңсыз алынған және шығарылған активтердің барлығын немесе бір бөлігін мемлекетке беру.

Яғни адамдар өзіне тиесілі мүлікті арнаулы мемлекеттік қорға келісім жасасу арқылы өтеусіз береді. Адамдар шарт жасап, ақша төлеуі, активтердің бір бөлігін немесе барлығын беруі, алынбаған салық пен заңнаманы бұзудан келген залал сомасын мемлекетке өтеуі мүмкін.

Сондай-ақ активтерді иеленудің жалпы кезеңінде алынған үстеме кірісті қайтару, активке инвестициялау, оны жаңғырту жөніндегі міндеттемелерді қабылдау, әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыру мен қоғам мүддесіндегі өзге де іс-шаралар кіреді.

Заңсыз алынған активтерді мәжбүрлеп қайтару сот шешімі негізінде жүреді. Алайда активтер сотта «негізсіз байлық» деп танылуы керек. Бұл ретте сот негізсіз байлық ретінде мемлекеттің, мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік компаниялардың мүлік құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтіруге әкеп соққан заңнаманы өрескел бұза отырып алынған активтерді есептейтін болады.

Қоғамда ерікті қайтаруға қатысты нормасы қатты сыналған еді. Себебі активтерді өз еркімен қайтарған адам жауапкершіліктен босатылады. Бұл мәселеге Әділет министрі Азамат Есқараев жауап берді.

Біздің заңнамамыздағы қылмыстық процесте процессуалдық келісім институты бар. Негізі мұндай мүмкіндік активтерді өз еркімен қайтаратындар үшін де, мемлекет үшін де тиімді екенін түсіну керек. Бұл ұзақ сот процестері мен арбитраждық дауларға кететін үлкен шығындардың алдын алады, - деп түсіндірді министр.

Ал Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева құжатта «заңсыз алынған актив оның иесінде қалуы мүмкін» деген норма бар екенін айтты.

Кейде заңсыз алынған активті қайтару мемлекетке келтірілген қаржы залалынан да ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Сондықтан мұндай мәселелерді Үкімет мүшелері мен депутаттар құрамындағы комиссия қарайтын болады. Мысалы кезінде заңсыз активпен құрылған не жұмыс істейтін банк бар делік. Біз оны мемлекете қайтарамыз деп жариялаған күні-ақ адамдар депозиттерін шешіп, несие берушілер оны қаржыландыруды тоқтатады. Бұл бірден біздің қаржы жүйеміздегі тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін. Ал егер бұл үлкен банк болса ше? Сондықтан барлығы активтерді қайтару қаншалықты орынды болатынына байланысты. Әрине, негізгі мақсат – қайтару. Дегенмен бірінші кезекте «мұндай процесс ел экономикасына және әлеуметтік жағдайға қалай әсер етеді» деген сұрақ есепте болады, - деп түсіндірді ол.

Арнайы мемлекеттік қор

Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаеваның айтуынша, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жобаларын қаржыландыру мақсатында Арнаулы мемлекеттік қор құрылып, қайтарылған қаражат пен активтер сонда аударылатын болады.

Қайтарылған активтердің қаражаты қазынашылықтағы шотқа түсіп отырады. Дегенмен барлығы ақша түрінде қайтпайды. Мысалы Қазақстаннан тыс жерде орналасқан жылжымайтын мүлік те болуы мүмкін. Міне сол үшін де басқарушы компания құрылады. Оның жалғыз құрылтайшысы Үкімет болады. Компанияның басты мақсаты – мүлікті сатып, ақшаны арнайы шотқа жіберу. Осы тапсырманы орындап болғаннан кейін компания жабылады. Басқарушы компанияның қызметі, оның жұмысын регламенттеу нормативтік-құқықтық акт деңгейінде айқындалады, - деді ол.

Басқарушы компанияның міндеттері де нақтыланған, яғни ол:

  • мемлекет атынан қайтарылған активтерді меншікке қабылдау;
  • мемлекетке қайтарылған активтерді сақтап-ұстау;
  • активтерді басқару;
  • активтерді сатудан түскен қаражатты арнаулы мемлекеттік қорға аударып отыру.

Қанша ақша қайтарылды және жоспар қандай?

Бас прокурордың орынбасары Ұлан Байжановтың айтуынша, заңсыз алынған активтердің көп бөлігі АҚШ, Швейцария, Англия, Франция, Испания, Біріккен Араб Әмірліктері, Сингапур және Гонконг сияқты елдерде шоғырланған. Сондай-ақ Сейшел аралдары мен Панама сияқты оффшор аймақтар бар.

Әділет министрі Азамат Есқараев Тәуелсіздік алғалы бері елден шамамен 160 миллиард АҚШ доллары шығарылғанын айтты.

Арнайы мемлекеттік қорға түсетін қаражат тек әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыруға пайдаланылады. Жобаларды іріктеу тәртібі тиісті нормативтік құқықтық актілермен бекітілетін болады. Жұмсалатын қаражат туралы ақпарат пен жобалар тізімі де жарияланып отырады, - деді Азамат Есқараев.

Министрдің айтуынша, жақында Қазақстанға қайтарылған Jusan Bank активтері – осындай ауқымды істің бастамасы. Айта кетейік, бұған дейін Жоғарғы Сот негізсіз олигополия субъектілерінің пайдасына шығарылған шешімдерге Бас Прокурордың 24 наразылығын қанағаттандырған еді.

Нәтижесінде Алматы ауыр машина жасау зауытының 31% акциясын жекешелендіруді заңсыз деп тану туралы сот шешімі қабылданды. Жоғарғы Соттың тағы бір қаулысы астаналық «Думан» қонақ үй кешенінің иелерінен 1,3 млрд теңге өндіріп алуға мүмкіндік берді. Бұдан бөлек сот шешімі бойынша АМӨЗ меншігіне Атырау қаласындағы Сұйытылған мұнай газды сақтау паркінің 50% үлесі қайтарылды.

Жалпы құқық қорғау органдары қылмыстық істер аясында жалпы сомасы 620 млрд теңгеге активтерді қайтаруды қамтамасыз етті. Оның ішінде шетелдік юрисдикциялардан 575 млн доллар қайтты.

Сонымен қатар басқа мемлекеттерге құқықтық көмек көрсету туралы 100-ден астам сұрау хат жолданды. Олар бойынша 100 млн АҚШ долларынан асатын мүлікке тыйым салынды.

Қаржы министрлігі қаржы-өнеркәсіп топтарының кәсіпорындарынан қосымша 100 млрд теңгеден астам салық өндіріп алса, Экология және табиғи ресурстар министрлігі 7 млрд теңгеге жуық айыппұл салды.

Прокурорлардың шараларымен олигополия субъектілеріне бұрын негізсіз берілген немесе нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмайтын 460 мың гектардан астам жер қайтарылды.

Сондай-ақ нарықтық бағасынан 4 есе төмен бағамен сатып алынған Алматының көтерме сауда нарығындағы үлесі, олигополия субъектілерінің меншігінде заңсыз болған Алматы әуежайының 17 коммерциялық үй-жайлары мемлекетке қайтарылды.

Өзгелердің жаңалығы