Құрбан айт кезінде Атырауда 14 киіз үй тігіледі

27 Маусым 2023, 19:02
828
Бөлісу:
Құрбан айт кезінде Атырауда 14 киіз үй тігіледі
Фото: Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі

Мұсылман қауымының айрықша атап өтетін мейрамының бірі – Құрбан айт күні ертең, яғни 28 маусымда ауқымды форматта аталып өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Дінімізде бұл мерекенің алар орны айрықша. Қасиетті Құрбан айт елдің бірлігін күшейтіп, өзара бауырластықты арттырады. Айт күндері шамасы жеткен адам құрбандық шалады. Құрбан айт мерекесі тарихының тамыры сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар заманынан бастау алады. Құрбан шалу – пайғамбарлар атасы Ибраһимнің (ғ.с.) сүннеті. Құрбандықты мұсылман болған, сапарда болмаған адам және нисап мөлшеріндей қаражаты бар адам шалады. Нисап мөлшері 85 грамм алтынның құнындай дүниемен тең келеді. 85 грамм алтын дегеніміз қазіргі таңда 1 млн 400 мыңға жуық қаражатты құрайды. Егер адамда осындай жинақ болса, құрбандық шалғаны абзал, - деді Ұтысханұлы.

Биыл Құрбан айт 28, 29, 30 маусым күндері аталып өтеді. Құрбан айттың бірінші күні – демалыс.

Биыл облыс орталығындағы Исатай-Махамбет алаңында Құрбан айт мерекесі аталып өтеді. Ол жерде қала тұрғындарына арнап 14 киіз үй тігіледі. Сондай-ақ, жергілікті өнерпаздар өнер көрсетеді. Мереке күні тұрғындар айтыскерлер мен күйшілердің өнерін тамашалай алады,- деді ол.

Айта кетейік, малды құрбандыққа шалу уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталады. Айт намазы жергілікті уақытпен таңғы сағат 6.30-да басталады.

Құрбан шалу айт мерекесінің үшінші күніне дейін жалғасады.

Еске сала кетелік, құрбандыққа жарайтын мал түрлері шариғатымыз бойынша көрсетілген түйе және мүйізді ірі қара мал, сонымен қатар қой, ешкі. Түйе мен сиыр малы 7 адамға арналып шалынса, қой мен ешкі малы бір отбасына ғана арналып шалынады. Құрбандыққа шалынатын малдың өзіндік жастары болады. Мәселен, түйе малының 5 жасқа толуы, ірі қара малдың 2 жасқа толуы, қой мен ешкінің 1 жасқа толғаны шарт.

Өзгелердің жаңалығы