Қызылордалық жастар коронавирустың алдын алуға атсалысуда

18 Наурыз 2020, 20:57
1445
Бөлісу:
Қызылордалық жастар коронавирустың алдын алуға  атсалысуда

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысындағы жастардың көшбасшылары төтенше жағдай кезінде игі істер жасауға шақырды.

Қызылорда облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов әлемді алаңдатқан коронавирустың алдын алуға сырбойылық жастар атсалысып жатқанын мәлімдеді.

Ерікті жастар коронавирустың таралуына жол бермеу және алдын алуға байланысты арнайы әзірленген жадынамаларды, үнпарақтарды халық көп шоғырланатын орындарға жапсырып көмектесіп жатыр. Жастар арасында ойын-сауықты, жиын-тойды тоқтату туралы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізудеміз. Және жастардың атсалысуымен кәсіпкерлерге жеке қорғаныш маскаларын шығаруға шақырып жатырмыз. Нәтижесінде қазіргі таңда Қазалы, Қармақшы аудандарында жас кәсіпкерлер шеберханасында маска тігіп, мүмкіндігі шектеулі жандарға, тұрмысы төмен отбасыларға, ардагерлерге таратуда, – деді басқарма басшысы.
Қуаныш Жанұзақов Ресейдің жоғары оқу орындарында оқып жатқан қызылордалық студенттердің келу-кетуін де бақылауға алғанын жеткізді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы қызметкерлеріне Ресейден кімдер келетінін анықтап беріп жатырмыз. Қызылордаға оралған студенттер үйден 14 күнге шықпай, оқшауда дәрігерлердің бақылауында болады. Ал Ресейде қалғандары болса, сондағы елшілікке хабарлап айтып жатырмыз, - дейді ол.
Ал Қызылорда облысы әкімінің жастар саясаты мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Мағжан Ералиев облыс жастарына үндеу тастады.

COVID-19 вирусынан өзімізді де, өзгені де қорғайық. Төтенше жағдайдың барлық талабын орындайық. Көп болып жиналуға рұқсат жоқ. Бірақ қол қусырып отыруға тағы болмайды. Осы ретте мен де аймақ жастарын игілікті істерге жұмылуға шақырамын. Сынаптай сырғитын уақыт шіркінді болмашы қызық, арзан күлкі, бейәдеп тірлікке жұмсамай, шаруаға араласуға – өзіңді жан-жақты дамытуға үндеймін, – дейді Мағжан Абзалұлы. 
Jas Otan ЖҚ Қызылорды облыстық филиалының төрағасы Талғат Тілес болса, 21 наурызға жоспарлаған үйлену тойын кейінге шегерді.

Өткен жылы қарашада ата-аналарымыз келісіп, той уақытын белгілеген еді. Яғни, 2020 жылы Ұлыстың ұлы күні қарсаңында – 21 наурыз күні үйлену тойым жоспарланған болатын. "Тойдың боларынан боладысы қызық" демекші, біраз уақыт қызу дайындық жүрді. Бірақ сындарлы сәттерді ескере отырып, бірнеше күн бұрын жастар тойын кейінге шегеру туралы шешім қабылдадым. Бұл шешім Төтенше жағдай жарияланға дейін жасалды. Ең бастысы, халқымыздың, жақындарымыздың амандығы және қауіпсіздігі. Осы жағдайды бірге аман-есен еңсерейік!, – дейді Талғат Тілес.
Сонымен қатар, Талғат қызылордалық жастарға Наурыз мерекесі күндері үй-үйді аралап, жақындарын құттықтамауға, төтенше жағжай кезіндегі талаптарға бағынуға, жауапкершілікті сезінуге шақырды.
Өзгелердің жаңалығы