Қызылорда облысында 22 мәдени нысан жөндеуден өтуде

8 Қыркүйек 2020, 02:25
1739
Бөлісу:
Қызылорда облысында 22 мәдени нысан жөндеуден өтуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда өңірінде әлеуметтік нысандар жөнделіп, қайта жаңғыруда. Биыл өңірдегі 22 мәдени нысанды қайта жөндеуге қаржы қарастырылған, деп хабарлайды облыс әкімдігінің ресми сайты.

Биыл «Жұмыспен қамту  –  2020-2021» Жол картасы аясында ескі ғимараттар күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне бағытталуда. Яғни 5 нысанға қайта жаңғырту, 3 нысанға күрделі жөндеу, 14 нысан ағымдағы жөндеу жұмыстарынан өткен.

Мәдениет саласындағы құрылыс жұмыстары нәтижесінде 376 уақытша жұмыс орны ашылып, азаматтар жұмыспен қамтылған. Бұл туралы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы хабарлайды.

Бағдарлама шеңберінде Қызылорда облыстық филармониясының ғимараты және Шиелі ауданындағы тарихи-өлкетану музейіне қосалқы құрылыс жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, 150 орындық Шиелідегі Жиделіарық елді мекенінде ауылдық клуб пен Қазалы ауданы, Ақсуат елді мекеніндегі ауылдық клубтың орнына жаңа ғимарат салынуда. Ал Жаңақорғандағы Түгіскен елді мекеніндегі ауылдық клубты қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын.

Биыл күрделі жөндеуді қажет ететін мәдениет нысандарына да қаржы бөлінген. Мәселен, Арал аудандық архиві филиалының ғимараты күрделі жөндеуден өтуде. Сонымен бірге Шиелідегі "Жаназар батыр" ауылдық мәдениет үйі мен Жаңақорған ауданы, Жаңаарық ауылындағы ауылдық клубын күрделі жөндеу жұмыстары іске асуда.

Жауапты мамандардың сөзіне сүйенсек, қазіргі уақытта 22 нысанның ішінде ағымдағы жөндеуді қажет еткен 14 нысанның жұмысы толық аяқталған. Қалған нысандарды мердігер компаниялар белгілі мерзім ішінде аяқтамақ.

Өзгелердің жаңалығы