"Worldskills Turkestan – 2020" облыстық чемпионаты басталды

16 Маусым 2020, 07:41
2440
Бөлісу:
"Worldskills Turkestan – 2020" облыстық чемпионаты басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан қаласында "WorldSkills Turkestan – 2020" облыстық чемпионаты басталды. Жұмысшы мамандығының беделін және кәсіптік білім сапасын арттыру мақсатында ұйымдастырылған шараға 319 студент 46 мамандық бойынша  бақ сынайды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Байқаудың салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов  қатысушыларға сәттілік тіледі.

Былтыр Нұр-Сұлтан қаласында "WorldSkills Kazakhstan – 2019" V республикалық чемпионаты өткен болатын. Оған облыстан 33 студент қатысты. Оның ішінде 17 дарынды жас 4 алтын, 2 күміс, 2 қола, 9 медаль жеңіп алған еді. Жалпы командалық есепте облыстың студенттері үшінші орынды иеленген болатынбыз. Біз мұнымен тоқтап қалмауымыз керек. Сондықтан биылғы сайыста үлкен жеңіспен оралатындарыңа сенеміз, – деді облыс әкімінің орынбасары С. Амангелдіұлы.

Сайыста жастардың тәжірибелік дайындығы мен кәсіптік біліктілігі шыңдалып, шығармашылығы мен жоғары еңбек мәдениеті қалыптасады. Сондай-ақ заманауи, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологияны іс жүзінде қолдана алу біліктілгі сыналады. Байқаудың биылғы ерекшелігі, Түркістандағы маңызды құрылыс саласына мейлінше назар аударылып отыр.

Шара барысында облыс колледждері студенттерінің арасында "құрылыс" мамандығы бойынша жарыс өтті. Жарыс "құрғақ құрылыс және сылақ", "сырлау және әрлеу", "сантехника және жылыту", "кірпіш қалау", "плитка жапсыру", "төбелік жұмыстар"  құзыреттіліктері бойынша жүруде. Жалпы 35 студент қатысты.

Облыстық чемпионаттың жеңімпаздары 18 маусым күні анықталатын болады. Дода жеңімпаздарына ұлттық чемпионатқа жолдама беріледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ арнайы сыйлықтар қарастырылған.

Айта кетейік, WorldSkills – әлемнің 82 мемлекетіне таралған халықаралық қозғалыс. Өңіріміз аталған Чемпионатқа 2015 жылдан бастап қатысып келеді. Осы  жылдар ішінде қол жеткізген жетістік те аз емес. Республикалық Чемпионаттың жеңімпаздары алдағы уақытта Австрия елінің Грац каласында өтетін "EuroSkills – 2020" және Біріккен Араб Эмираттарының астанасы Абу Даби қаласында өтетін "AziaSkills – 2020" чемпионатына қатысуға мүмкіндік алып отыр.

Өзгелердің жаңалығы