Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Волонтерлік – өмір мәні: Астанада еріктілер сайысы өтті

Кеше, 19:10
355
Бөлісу:
 автордан
PHOTO
Фото: автордан

Ерікті болуды міндет деп емес, жанның қалауы деп санайтын жастар бүгін елорда төрінде бас қосып, Халықаралық еріктілер күні мерекесінің қарсаңында бәйгеге түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қоғамның ең бір жарық сәулесі, ең бір мейірімге толы жүзі - еріктілердің бейнесі. Олар даңққа бастар жолды емес, жанға жылу сыйлар жолды таңдаған жандар. Бүгін олар Елорда төрінде бас қосып, бәйгеге түсті.

Волонтерлік – өмір мәні: Астанада еріктілер сайысы өтті

Іс-шараны ұйымдастырушы –  “Астана жастары” ЖРО” КММ Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасы.

Мақсат – волонтерлық ұйымдар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту, тәжірибе алмасу, еркін форматта тілдесу арқылы өз жұмыстарын жақсарта түсуге көмектесу болып табылады.

Волонтерлік – өмір мәні: Астанада еріктілер сайысы өтті

Бүгінгі таңда ел ішінде мұқтажға қолғабыс көрсетіп, қоғамдағы түрлі мәселелерге үн қосып жүрген еріктілер қозғалысы кең қанат жайып келеді. Оны бүгінгі тимбилдинг барысында байқадық. Бәйгеге 50 ұйымнан жүзге жуық ерікті жас қатысты. Сайыс ұйымдастырушы “Астана жастары» Жастар ресурстық орталығының жастармен тәрбие жұмысы және құқық бұзушылықтың алдын алу бөлімінің басшысы Арайлым Сапарәлі аталмыш шара биыл төртінші рет ұйымдастырылып отырғанын айтады.

Волонтерлік – өмір мәні: Астанада еріктілер сайысы өтті

«Волонтер FEST» жобасы жалпы биыл төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Осыдан алдыңғы жылдары жоба концерт форматында өтетін, яғни жылдың қорытындысын шығарып, үздік волонтерлық ұйымдар мен үздік бағыттарды анықтайтынбыз. Биылғы жылы біз концерт форматынан бас тартып, жобаны спорттық форматқа ауыстырдық. Белсенді ойындар мен белсенді тапсырмаларды орындау арқылы ұйымдарды осы форматта да көргіміз келді. Бұл – ұйымдардың сұрауы бойынша жасалған өзгеріс,- деді ол.

Сайыста қатысушылар сегіз тапсырмадан тұратын кедергілер жолынан өтеді. Спорттық ойындар мен белсенділікті талап ететін тапсырмалар бар. Барлығы қауіпсіздік талаптарына сай ұйымдастырылған.

Волонтерлік – өмір мәні: Астанада еріктілер сайысы өтті

Бәйгеге қатысушылар арасында жасы 73-ке келген Бақыткүл Тұрамиева да бар. Жастармен жарыса ойынға қатысып, емін-еркін қозғалыста жүрген ол ерікті болу мені қартаюдан қорғайды дейді.

Волонтерлік – өмір мәні: Астанада еріктілер сайысы өтті

Мен - күміс еріктімін, экологиялық партияның мүшесімін. Қазақтың қанына сіңген асар дәстүрі - қазіргі ерікті деген ұғыммен тең деп білемін. Бізде жүз шақты адам бар, ешқандай ақысыз-пұлсыз қызмет етеміз. Біреуге таяқ, арба керек болса, қарттар үйіне барамыз. Аула сыртында тазарту жұмыстарын да бірлесе жасаймыз. Бүгінгі шара мен үшін ерекше. Қартаюға жол бермей отырған Астана жастарына алғысымды айтамын,- дейді ерікті қария.

Иә, қазір ерікті болуға қызығатын жастар көп. Солардың бірі –  Қайсар Қожахмет. Ол 2 жылға жуық уақыт ерікті ретінде қызмет етіп келеді.

Волонтерлік – өмір мәні: Астанада еріктілер сайысы өтті

Мектеп кезінде ерікті болуға қызығушылығым оянып, одан өмірімнің мәнін таптым десем де болады. Осы уақытқа дейін қарт кісілерге көмектесіп, түрлі концерттер ұйымдастырдық. Уақыты бос, немен айналысуды білмей түрлі қауіпке ұрынып қалатын жастар көп. Сол үшін замандастарымды пайдалы іспен айналысып, қоғамға пайда әкелуге шақырамын,- дейді ол.

Волонтерлік – өмір мәні: Астанада еріктілер сайысы өтті

Бүгін өз өмірінен өзгенің өміріне көп алаңдайтын жүзге жуық жігерлі жас жасыл алаң үстінде сегіз кезең бойынша сынға түсті. Жеңімпаз балдық жүйе бойынша анықталып, сайыс қорытындысы бойынша балдар жинақталды.

Волонтерлік – өмір мәні: Астанада еріктілер сайысы өтті

Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаз болған командаға, яғни 1 орынға - 200 000 теңге, 2 орынға- 150 000 теңге , 3 орынға - 100 000  теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар, сондай-ақ естелік сыйлықтар, дипломдар мен алғыс хаттар табысталды.

Өзгелердің жаңалығы