Волонтер жылы. Ерікті болу қазаққа жат дүние емес – Әшімбаев

5 Желтоқсан 2020, 14:44
1685
Бөлісу:
Волонтер жылы. Ерікті болу қазаққа жат дүние емес – Әшімбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін әлем бойынша Халықаралық волонтерлар күні аталып өтуде. Осыған орай Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев еліміздегі барлық волонтерды атаулы күнмен құттықтады.

Көптеген дамыған елдерде волонтерлардың қоғамдағы рөлі ерекше. Соңғы кездері Қазақстанда да бұл үрдістің аясы кеңейіп, қарқынды дамып келе жатқаны қуантады. Оған Мемлекет басшысының 2020 жылды «Волонтер жылы» деп жариялауы да тың серпін бергені анық, - деді Сенат төрағасы.

Сондай-ақ, Әшімбаев соның нәтижесінде көптеген игілікті іс пен нақты жоба қолға алынғанын жазды. 

Жастарымызбен бірге егде жастағы азаматтардың да белсенділігі арта бастады. Әсіресе, пандемиямен күрес кезінде волонтерлардың ел үшін атқарған ерен еңбегін айрықша атап өткен жөн. Бұл – патриотизмнің, қайырымдылықтың және қамқорлықтың жарқын көрінісі.

Жалпы, ерікті болу қазаққа жат дүние емес. Асар сияқты көптеген салт-дәстүріміз осы бастамамен үндес екенін бәріміз жақсы білеміз. Сондықтан алдағы уақытта Қазақстанда волонтерлықтың маңызы артып, елімізде еріктілердің қатары көбейеді деп сенемін. Волонтер күні құтты болсын! – деп жазды Мәулен Әшімбаев Facebook парақшасында.

Өзгелердің жаңалығы