Вице-министр қандай үйірмелерге тегін қатысуға болатынын айтты

19 Мамыр 2021, 14:44
1918
Бөлісу:
Вице-министр қандай үйірмелерге тегін қатысуға болатынын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов спорттық секциялар және шығармашылық үйірмелерді жан басына шаққандағы қаржыландыру туралы ҚР ОКҚ-да өткен брифингте айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарында Мәдениет және спорт министрлігінің алдына еліміздің тұрғындарын, ең алдымен балаларды бұқаралық спортпен айналысуға белсенді тарту, сондай-ақ спорт секцияларын ашу және «балалар үйірмелерінің» қызметін қайта жандандыру міндеті қойылды, - деді Дәуешов.

Оның айтуынша, заңнамада жаңа мемлекеттік тапсырыс институтын енгізу арқылы балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелер мен спорттық секцияларды жан басына қаржыландыруды көздейтін нормалар қамтылды.

Мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығымен келесі құқықтық актілер бекітіліп, қабылданды. Оның ішінде балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерге мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру және олардың жұмыс істеу қағидалары және балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерді жан басына нормативтік қаржыландыру қағидалары бар, - деді ол.

Сондай-ақ мемлекеттік шығармашылық тапсырысты жан басына нормативтік қаржыландыру әдістемесі де кіреді.

Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелердің және спорттық секциялардың рейтингін анықтау қағидалары да бар. Жалпы қағидаларда мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстардың жүзеге асуына қатысы бар 3 жақтың да мүдделері ескеріліп отыр, - деді вице-министр.

Оның айтуынша, мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс 4 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолданылатын болады.

Мемлекеттік шығармашылық тапсырыстың жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне сәйкес шығармашылық үйірменің 59 түрі қарастырылған. Әр баланың қызығушылығына қарай мемлекеттік шығармашылық, спорт және қосымша білім беру тапсырыстар аясында көзделген екі үйірмеге тегін қатысуға құқығы бар, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы