Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл еліміздің тәуелсіздігіне 30 жыл толды.
КСРО құрсауынан шығып, өз алдына дербес мемлекет болу оңай болған жоқ. Енді ғана қаз-қаз тұрып, тәй-тәй басқан жас мемлекеттің алға қарай нық қадам басуына білімді де білікті мамандардың да зор үлесі бар. Олар жас мемлекеттің іргесін қалап, керегесін кеңітуге, шаңырағын көтеруге бір кісідей атсалысты.
Сондай азаматтардың бірі де бірегейі – төл теңгеміздің «атасы», білікті қаржыгер, экономика ғылымының докторы, Ұлттық банктің тұңғыш төрағасы Ғалым Байназаров болатын. Ол – Тәуелсіз мемлекеттің төл теңгесіне алғаш болып қол қойған банкир.
Бүгінде қаржыгер валютаның бүгінгі «теңге» атауына қалай тоқтағандарын еске алады:
Тарихты ақтарғанда, біздің жерімізде болған түркі нәсілді мемлекеттердің ақшасы болғанын білдік. Олардың металдан құйылған ақшалары теңге деп аталған екен. Археологтар ең ежелгі ақша белгілерін Отырар, Тараз, Түркістан, Баласағұн және Қазақстанның тағы басқа да көне қалаларын қазу барысында тапқан. Демек біздің тарихымыз үшін теңге атауы – төл дүние. Дегенмен ұсыныстар көп айтылды: «сом», «алтын» дегендердің де пікірлерін тыңдадық...
Қаржыгердің айтуынша, осынау жылдар ішінде еліміз көптеген экономикалық дағдарысты басынан өткерді. Егер біз өз валютамызды емес, басқа елдің ақшасын қолданғанымызда, экономиканың басқару саясаты, оны жетілдіру мәселелері қолымызда болмайтын еді. Басқа елге тәуелді, бодан қалпымызда жүре берер едік.
1992-1997 жылдары кеңес дәуіріндегі жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу кезеңіндегі дағдарыс өте ауыр болған еді.
Осы жылдары (1995 ж.) өнеркәсіп өндірісі 1990 жылмен салыстырғанда 52 пайызға, ауыл шаруашылығы 48 пайызға құлдырап, экономикада құрылымдық диспропорциялық дағдарыс пайда болды, мұнай мен газ өндірістеріне біржақты тәуелділік болды. Бұл уақытта мұнай бағасы біресе өсіп, біресе құлдырады. Ал отандық экономиканың 25-30 пайызы, экспорттағы 60-65 пайызы мұнай мен газдың бағасына тікелей байланысты. Сондықтан бұл кезде теңгенің долларға қатысты бағамы да бір орында тұрмады. Әсіресе, 1998 жылы Ресейдің дефолттық дағдарысы кезінде әлсіреп, 1999 жылы теңге бағамы қатты құлады. Одан кейін 2009 жылы Дүниежүзілік қаржы дағдарысы басталған кезде ұлттық валютамыз тағы да үлкен соққы алды. Одан соң 2014-2015 жылдары тағы құнсызданды. Төмендеу 30-40 пайызға дейін жетті, - дейді Ұлттық банктің тұңғыш төрағасы.
Оның айтуына қарағанда, төл валютамыздың дүниеге келуі - Тәуелсіздіктің басты жетістігі.
Осы уақыт ішінде еліміздің экономикасы біраз өзгеріске ұшырады. Жоспарлы экономикадан нарықтық экомикаға трансформация жасап, оны құра алдық. Қаржы және банк жүйесі де көп өзгерді. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан территориясында ешқашан тәуелсіз банк жүйесі болған жоқ. Кеңес дәуірінде қаржы мен ақшаның тәуелсіз саясатын жүргізу мүмкін болмады. Ол орталықтан, Мәскеуден реттелді. Кеңес Одағы құлағаннан кейін дағдарыс салдары келіп жатты. Басқа елдердің, Ресейдің өз проблемалары жеткілікті болғандықтан, бізге көмек қолын созатын ешкім болған жоқ. Сол кезде дербес ақша саясаты, ұлттық валюта қажет болды. Сөйтіп, 1993 жылы ұлттық валютаны енгіздік. Мұны Тәуелсіздіктің басты жетістігі деп қараған жөн, - дейді экономист-ғалым.
Әртүрлі елдердің банкноты мен монетінің дизайнын зерттей келе портреттер бейнеленген дизайн таңдап алынады. Болашақ банкнот пен монет дизайнын қазақ суретшілері «Harrison & Sons Limited» фирмасының дизайнерлер тобымен бірлесіп жасап шыққан еді. Ұлттық валюта дизайнына тарихи-мәдени маңызы бар қазақ ғылымы мен мәдениеті өкілдері, қазақ мемлекетінің негізін қалаған хандардың портреті бейнеленіп, қазақы ою-өрнекпен безендірілді.
Осылайша, 1992 жылы желтоқсанның басында Лондон қаласында орналасқан «Harrison & Sons Limited» фирмасында Қазақстан Министрлер кабинеті өкілдерінің қатысуымен банкноттың өндірістік үлгілеріне қол қойдым. Ұлыбританиялық фирма қазақстандық валютаны басып шығаруды 1993 жылдың наурызында аяқтады. Жаңа валюта сәуір-мамыр айларында елге жеткізілді. Теңге әлемдегі қорғаныштық қабілеті жоғары валюталардың бірі болды. Кейбір купюралардың 14-ке дейін қорғаныштық элементі бар еді. Теңгенің заманауи дизайны мен жоғары сапасы үшін «Harrison & Sons Limited» фирмасы Ұлыбритания патшайымының 1993 жылдың қорытындысы бойынша үздік сапалы өнім аталымы медалімен марапатталды. Қазақстан Ұлттық банкі ұжымының іскерлігінің арқасында және өз кіріс есебімен 1993 жылдың 1 шілдесіне дейін ақша нарығы нысандарының барлық инфрақұрылымы құрылып, жұмыстар толығымен аяқталды. Олар: Электронды валюта биржасы, Монета сарайы, Банкнот фабрикасының бірінші кезеңі, Алтын валюта қоры, Мемлекеттік валюта қоры мен қымбат бағалы металдарды сақтау қоймасы, Қазақстанның ішкі және сыртқы төлем жүйесі. Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1993 жылдың 15 қарашасында елімізде ұлттық валюта - теңге айналымға енгізілді, - дейді Ғалым Байназаров.
Сондай-ақ экономист сол кезде бір теңге 500 рубльге тең болғанын айтады.
Рубльді ұлттық валютаға айырбастау 1993 жылдың 15 қарашасында сағат 8-де басталды және үш күн ішінде рубль мен теңге қатар қолданыста болды. Ал 1993 жылдың 18 қарашасынан бастап ұлттық валюта - теңге Қазақстан территориясында бірден-бір заңды төлем құралы болып саналады. 1993 жылдың 20 қазанынан бастап теңгенің өзге елдердің валюталарына шаққандағы бағамы белгіленді, оның ішінде АҚШ-тың 1 доллары 4,75 теңгеге тең болды. Ұлттық валютаның енгізілу кезеңі Кеңес Одағының құлау кезеңі деуге болады, - дейді ол.
Банкирдің айтуынша, ұлттық валютаны енгізу тәуелсіз Қазақ елінде, Қазақстан халқы өмірінде үлкен тарихи оқиға! Мемлекетіміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында теңге өзінің тарихи міндетін абыроймен атқарды. Ал белгілі халықаралық рейтинг агенттіктерінің бағалауы бойынша еліміздің қаржы-банк жүйесі ТМД бойынша үздіктердің қатарында.