Үш күнде 24 адам жол апатынан қаза тапқан

17 Шілде 2023, 23:25
634
Бөлісу:
Үш күнде 24 адам жол апатынан қаза тапқан
Фото: Артём Чурсинов

Жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған жұмыстардың жүргізілуіне қарамастан еліміздің жолдарындағы апаттылық жағдайы алаңдаушылық тудырып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Polisia.kz сайтының мәліметінше,  өткен жұма сенбі, жексенбі күндері шамамен 24 адамның ажалы жол апатынан болған. Қала маңындағы трассаларда үш немесе одан да көп адам шығынымен орын алған жол-көлік оқиғалары жиілеп кеткен.

Мәселен, 15 шілдеде Абай облысында Lada автокөлігінің жүргізушісі көлік тізгініне ие бола алмай, автомашинаның аударылуына жол берді. Апат салдарынан үш адам қаза тауып, екі адам түрлі жарақат алды.

16 шілде сағат 15:00 шамасында Доссор – Құлсары – Бейнеу республикалық маңызы бар автожолында Chevrolet Сobalt жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып, Toyota автокөлігімен соқтығысқан. Салдарынан жеті адам қаза тауып, екі адам жарақат алды. Осы апта да жол-көлік оқиғаларынан басталды.

Бүгін таңертең Түркістан облысында, Шаян ауылының маңында жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы орын алды. Екпінді – Созақ облыстық маңызы бар тас жолында Nissan, Toyota Camry және Volkswagen Сrafter көліктері соқтығысқан. Апат салдарынан көлік құралдары қас қағым сәтте өртке оранды. Оқиға орнында 10 адам қайтыс болды, 12 адам ауруханаға жеткізілді.

Алдын ала мәліметтер бойынша жол апатына Nissan автокөлігінің қарсы жүріс жолағына шығуы себеп болған. Осы жағдайлардың барлығы жол жүрісіне қатысушылардың тәртібінің төмендігін және жүргізушілердің менмендігін көрсетеді.

Талдауға сәйкес барлық жол-көлік оқиғаларында жүргізушілер асығыс жүріп, басып озу үшін қарсы жолаққа шығады. Жылдамдықтың жоғарылауына байланысты олар автокөлік тізгініне ие бола алмай, келеңсіз оқиғаларға тап болады.

Жол апаттарының 95%-ы жүргізушілердің немқұрайлығы мен салғырттығынан болады.

Жол қателіктерді кешірмейтінін бәрі біледі, сондықтан жүргізушілерден асықпауды сұраймыз. Осы қайғылы жол апаттарын ескере отырып, әкімшілік полиция комитеті жол жүрісіне қатысушыларды қауіпсіз жүріс жылдамдығы мен автокөліктер арасындағы қашықтықты қатаң сақтауға шақырады. Бүгінгі таңда еліміздің жолдарында 1 022 адам қаза тауып, 7 370 адам жарақат алған. Олардың өмірі “ЖКО-ға дейін” және “кейін” болып екіге бөлінді, себебі олардың қаншасы аман қалатыны және қаншасы мүгедек болып қалатыны белгісіз. Әрбір жүргізуші, жолаушы, жаяу жүргінші осындай хабарламаларды оқығаннан кейін немесе көріп, тыңдағаннан кейін өзімен мұндай жағдай болмайды деп санайды, бірақ бұл қайғылы статистикаға кіргендер де солай ойлаған болатын. Құрметті жол жүрісіне қатысушылар, “бұл менімен болмайды” деген ойлардан арылу керек, асықпаңыз және абайлаңыз, үнемделген секундтар немесе минуттар сіздің өміріңізді қиюға тұрарлық дүние емес! Сіздің өміріңізден маңызды ештеңе жоқ! – деді ІІМ ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.
 

Өзгелердің жаңалығы