Алматыда үш адам қаза тапқан жол апатына қатысты сот отырысында жәбірленуші тараптар эмоциясына ерік беріп, қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдірді.
Маған да оңай емес. Қызымның қазасынан қан жұтып отырмын. Әлі күнге дейін емделіп жүрмін. Мен Александр Пакты кешіргенімді айттым. Бәрін сот өзі шешсін дедім. Оны өмір бойына не жарты жылға соттаса да енді ештеңе өзгерте алмаймыз. Қызымды қайтара алмаймын. Басқа балаларым өсіп келе жатыр. Мені ана ретінде түсінулеріңізді сұраймын. Мен оны кешірдім. Бәрі тезірек аяқталса екен деймін, - дейді жол апатында қаза тапқан Томирис Қыдырбектің анасы көзіне жас алып.
Сонымен қатар, процесс барысында Томиристің әкесінің құқығын қорғайтын Мейірман Шекеев те жарыссөзде сөз алды.
Бұл іс бір ғана қылмыстық іс емес. Бұл - қоғамның жанайқайы. Бұл заңнаманы қайта қарауды талап ететін нақты мысал. Заң өзгерту үшін тағы қанша баладан айырылуымыз керек? Қанша ата-ана баласынан айырылуы керек? Сонда ғана масаң күйде көлік жүргізудің салдарынан адам өліміне әкелген әрекеттерге құқықтық баға өзгере ме? Құрметті сот, іс материалдары сотталушы Александр Пактың кінәсін толық дәлелдеді. Сараптама қорытындысына сәйкес, сотталушы басқарған көліктің жылдамдығы шамамен 219 шақырым болған. Бұл рұқсат етілген жылдамдықтан 2,73 есе жоғары, - дейді адвокат.
Шекеев бұл жай ғана жылдамдық емес, адам өміріне қауіп төндіру екенін атап өтті.
Ешкім оны (Пакты) мәжбүрлемеді. Ол алкогольді өз еркімен пайдаланды. Өз еркімен көлік басқарды. Өз еркімен жылдамдықты асырды. Куәлік еткен Жақсылықовтың айтуынша, көліктер жарыс ұйымдастырған. Сотталушы заң талаптарын да, қоғамның ортақ қауіпсіздік қағидаларын да елемеді, - дейді адвокат.
Мейірман Шекеев оның қорғауындағы адам, марқұм Томиристің әкесі күдіктіні 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрағанын жеткізді.
Еске салайық, бұған дейін прокурор Әлібек Күмісбеков те күдікті Александр Пакты 10 жылға соттауды сұраған болатын.