Үндістан Пәкістанды атысты тоқтату туралы келісімді бірнеше рет бұзды деп айыптап, қарулы күштердің жауап қайтарғанын мәлімдеді. Бұл туралы Үндістан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Викрам Мисридің мәлімдемесінде айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Соңғы екі сағат ішінде Үндістан мен Пәкістанның әскери операциялар директорлары арасында қол жеткізілген уағдаластық бірнеше рет бұзылды. Үндістан Қарулы Күштері тиісті жауап беріп жатыр және бұл әрекеттерге өте байыппен қараймыз. Пәкістанды жағдайға жауапкершілікпен қарап, тиісті шаралар қабылдауға шақырамыз, — деді дипломат.
Оның айтуынша, Үндістан армиясына шекарадағы келісімді кез келген бұзушылыққа батыл жауап беру тапсырылған.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Нью-Дели мен Исламабад атысты тоқтату туралы келісімге келді деп мәлімдеген болатын. Келісімге сәйкес, тараптар сенбі күні барлық әскери әрекеттерді — құрлықта, әуеде және теңізде — тоқтатуға уағдаласқан. Алайда AFP агенттігі Үндістан үкіметіндегі дереккөзге сілтеме жасай отырып, Пәкістан келісімді бұзғанын хабарлады. Өз кезегінде Синьхуа агенттігі пәкістандық дереккөздерге сүйеніп, атысты бірінші бастаған Үндістан деп мәлімдейді.