Ұлытауда Алаш қайраткерлеріне ескерткіш орнатылды

4 Тамыз 2022, 02:22
2488
Бөлісу:
Ұлытауда Алаш қайраткерлеріне ескерткіш орнатылды

Ұлытау облысының орталығында Алаш қайраткерлеріне ескерткіш орнатылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

6 тас мүсіннен тұратын композиция «Ұлт және ұлылар шоғыры» танымдық-тарихи жобасы аясында және ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орайластырылып жасалған.

Бұл Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов, Мұхаметжан Тынышбаев пен Әлімхан Ермековтің тас бейнесі. Алаш қайраткерінің ескерткіш-бюстінің Жезқазғандағы Алаш алаңында бой көтергені заңдылық. 

Көкірегін қуаныш кернеген қала тұрғындары ойларымен бөлісті.

Осы кісілердің істеген еңбегі, қазақ еліне, жеріне, тіліне істеген еңбегі өте зор. Бюсттардың қойылуы жастарға, қалаға келген басқа ұлт өкілдеріне бір керемет осындай құнды дүние деп ойлаймын, – дейді Жезқазған қаласының тұрғыны Дүйсенбек Бірмағанбет.

Жобаның мақсаты  – жолында құрбан болған Алаш қайраткерлерін жас ұрпаққа таныту. Жезқазғандағы Алаш алаңы мен Тәуелсіздік монумент төңірегін ұлттық рух сезілетін орынға айналдыру болып табылады. Ұлт ұясы Ұлытау өңірінде осындай орынның болуы заңдылық дейді көпшілік. 

Қазақта ақ түйенің қарыны жарылды деген сөз бар ғой, сондай сәтті басымнан кешіріп тұрмын. М.Дулатовтың «Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты, өткізбей қараңғыда бекер жасты. Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп. Қарағым, енді жату жарамасты» деген ұранды сөзін бүгін біз 1 ғасыр өткен соң Жаңа Қазақстанда іске асырып келеміз, – дейді зейнеткер Айжан Жүнісова.

Композициядағы ескерткіштер қоладан құйылды. Жоба авторы «Алаш қайраткерлері» республикалық ашық конкурстың жеңімпазы Дәурен Дошанов. Ұйымдастырушылар мұнымен тоқтамақ емес. Болашақта кешен қазақ зиялыларының тас мүсіндерімен толықтырыла бермек. Жобаға бюджет есебінен 41 млн теңге қаржы бөлінген. 

Өзгелердің жаңалығы