Ұлымның осы жақта үйленуін армандаймын – Германия қазағы

11 Қазан 2023, 15:47
2824
Бөлісу:
Ұлымның осы жақта үйленуін армандаймын – Германия қазағы
Фото: автордан

Бұл туралы Германияның Кельн қаласында тұратын Еуропа қазақтары қауымдастығының төрайымы Садия Сүрер Отандастар форумында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол 40 жылдан астам уақыт Германияда тұрып жатыр.

Мен 2019 жылы болған Отандастар форумына да қатысқан болатынмын. Биыл да келдім. Басқа да қандастардың басқосуларынан қалмаймын, - дейді Садия Сүрер.

Ол сондай-ақ Отандастар қорын атамекенмен байланыстыратын алтын көпірге теңеді.

Бұрын шетелде тұратын қазақтардың құрылтайлары болғанда осындай көп қатынасу болмайтын еді. Тек қана бірқанша кісі келіп, кететін еді. Отандастар қоры Абзал мырза келгеннен бері бізге алтын көпірдей болып тұр. Өйткені біз көп іс-шараларды жоспарлап, жүзеге асырып жатырмыз, - деді ол.

Қазір Отандастар қоры шетелдегі қазақтардың кездесуіне, бірлесіп жұмыс істеуіне көмек беріп жатқанын жеткізді.

Біз екінші буын болып отырмыз. Біз үшін ең үлкен мәселе үшінші, төртінші буындарға туған тілін, өзінің қазақ екенін ұмыттырмау, әдет-ғұрыптарымызды, салт-дәстүрлерімізді ұстап қалуына мүмкіндік жасау, - дейді ол.

Садия Сүрер өз сөзінде Германиядағы қазақтардың араласып тұратынын да айтты.

Біз, Германиядағы қазақтар, әрқашан жиналып тұрамыз. Бір-бірімізді танимыз. Қайда болсақ та, бір-бірімізді іздейміз. Біз қазақтығымызды ұмытқан жоқпыз. Мен Қазақстанға көшіп келуді, ұлымның осы жақта үйленуін армандаймын, - деді ол.

Еске сала кетейік, шетелдегі қазақтар Отандастар форумында бас қосты. Форумда Баян-Өлгей аймағында 50-ге тарта мектеп оқу ісін қазақ тілінде жүргізілетіні айтылды. Шетелден келген 200 қандасқа ұлттық ойындар да көрсетілді.

Өзгелердің жаңалығы