Қазақстанда сирек металдарды игеруге қатысатын шетелдік компаниялардың қызметі мемлекет мүддесі тұрғысынан тексеріледі. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет үйінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
4 қарашада өткен брифингте журналист сирек металдар саласындағы шетелдік компаниялардың қызметі мен олардың Қазақстанға ықпалы туралы сұрақ қойды. Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, шетелдік инвесторлармен бірлескен жобаларды жүзеге асыру кезінде Қазақстанның ұлттық мүддесі бірінші кезекте ескеріледі.
Үкімет оның бәрін қарап жатыр. Мемлекеттің мүддесі бірінші кезекте ескеріледі. Біз оны дұрыс түсінуіміз керек. Қазір біз шетелдің озық технологияларын пайдаланып, елімізге енгізуіміз керек. Соның арқасында қаншама жаңа жұмыс орны ашылып жатыр, салық төленіп жатыр, – деді ол.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Қытайдың технологиялық мүмкіндіктеріне де тоқталды. Оның сөзінше, шетелдік технологияларды пайдалану ел экономикасын дамытуға мүмкіндік береді.
Өздеріңіз білесіздер, сіз Қытайды қозғап жатырсыз. Шын айтқанда, Қытай мемлекетінің озық технологиялары қазір өте мықты. Олар біздің өңірлерде де қолданылып жатыр. Бірақ бірінші кезекте мемлекетіміздің мүддесі ескеріледі. Сондықтан оған алаңдаудың қажеті жоқ, – дейді Нәлібаев.
Ол шетелдік компаниялардың Қазақстанда жұмыс істеуіне қатысты шешімдерді бір адам немесе бір ғана мемлекеттік орган қабылдамайтынын атап өтті.
Біз де, осы жұмыстың басында жүрген мемлекеттік қызметкерлер де, ең алдымен, мемлекет мүддесінің сақталуына мүдделіміз. Мұндай мәселелерді біздің заңгерлеріміз де, арнайы комиссиялар да қарайды. Шешімді бір адам, бір министрлік немесе жалғыз министр қабылдамайды. Барлық мәселе арнайы комиссияларда қаралып, мемлекеттің мүддесі бірінші кезекте ескеріледі, – дейді ол.
Нұрлыбек Нәлібаев шетелдік инвесторларға рұқсат беру кезінде жобаның Қазақстан үшін тиімділігі басты талап болатынын жеткізді.
Ең алдымен, бұл мемлекет үшін тиімді болуы керек. Содан кейін ғана оларға елімізде жұмыс істеуге рұқсат беріледі, – деп қорытындылады Премьер-министрдің бірінші орынбасары.
Еске салсақ, Қазақстанда айрықша маңызды металдар қорын басқарудың ұлттық жүйесі құрылады. Жоспарға геологиялық барлауды жаңарту, агроөнеркәсіп пен отандық өндірісті қолдау шаралары енгізілген.