Қазақстанда айрықша маңызды металдар қорын басқарудың ұлттық жүйесі құрылады

Жоспарға геологиялық барлауды жаңарту, агроөнеркәсіп пен отандық өндірісті қолдау шаралары енгізілген.

 ©BAQ.KZ коллажы/ЖИ 3 Қараша 2026, 10:48
3 Қараша 2026, 10:48
156
Фото: ©BAQ.KZ коллажы/ЖИ

Қазақстанда биылғы жылдың соңына дейін айрықша маңызды металдар қорын басқарудың ұлттық жүйесін құру жоспарланып отыр. Сонымен қатар геологиялық деректердің ашықтығын қамтамасыз ету және жер қойнауын барлау тәсілдерін жаңарту көзделген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында мәлімдеді.

Айтуынша, Мемлекет басшысының биылғы 28 қазандағы Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасында жер қойнауын пайдалану мен индустриялық-технологиялық дамуға жеке бағыт арналған.

Биыл жыл соңына дейін айрықша маңызды металдар қорларын басқарудың ұлттық жүйесі жасалады. 2027 жылы еліміздің индустриялық-технологиялық дамуын жеделдету тетіктерін енгізу жоспарланып отыр, – деді Серік Жұманғарин.

Оның сөзінше, келесі жылы «Бірыңғай жер қойнауын пайдалану платформасы» ақпараттық жүйесін толықтыру жұмыстары жүргізіледі. Бұл геологиялық деректердің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар геологиялық барлау тәсілдері өзгереді. Бұл бағытта озық технологияларды қолдануға және цифрлық геологиялық карталарды қалыптастыруға басымдық беріледі.

Агроөнеркәсіп кешенінде мал шаруашылығын, өнімді қайта өңдеу мен сақтауды ұзақ мерзімді қаржыландыру көзделген. Сондай-ақ отандық тракторлар мен комбайндар өндірісін қолдау жоспарланып отыр.

Келесі жылдан бастап барлық ауыл шаруашылығы өндірушісіне агрологистикалық орталықтардың инфрақұрылымына тең қол жеткізу қамтамасыз етіледі, – деді министр.

Су ресурстарын басқару бағытында да нақты мерзім белгіленген. 2027 жылдың наурызында Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін құру аяқталуға тиіс.

Инвестициялық саясатты қайта қарау да жалпыұлттық жоспардағы маңызды міндеттердің бірі. 2027 жылы мемлекеттік органдар мен ұйымдар арасындағы функциялардың қайталануын жою, инвестициялық жобаларды іске асыруда бірыңғай тәсіл қалыптастыру көзделіп отыр. Бұл үшін ортақ және цифрлық басқару жүйесі енгізіле отырып, ұлттық инвестициялық саясат түбегейлі қайта қаралады.

Отандық өндірісті қолдау аясында «Халықтық құрылыс» бағдарламасына қажетті өнімдерді шығаруға ерекше мән беріледі. Атап айтқанда, инфрақұрылымдық жобалар үшін құрылыс материалдарын, металл конструкцияларын және инженерлік жабдықтарды өндіруді дамыту жоспарланған.
Бұдан бөлек, «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңға жедел тәртіппен түзетулер енгізіледі.

Серік Жұманғарин бұл шаралардың барлығы елдің өндірістік және технологиялық әлеуетін дамытуға бағытталғанын атап өтті. Аталған бастамалар Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасына енгізілген.

Еске салсақ, Қазақстанда сирек кездесетін металдар қорын қалыптастырып, отандық өндірісті жаһандық нарыққа шығару көзделіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында инвестиция тарту кезінде өңірлердің ерекшелігін ескеріп, кәсіпорындар, ғылым, білім және логистика салаларының өзара байланысын күшейту қажеттігін атап өтті.

Тағы оқи отырыңыз: Жолдау-2026: Тоқаев айрықша маңызды металдардың қорын тиімді басқаратын ұлттық жүйе құруды тапсырды 

6,5 трлн теңге, үш жаңа әуежай және АЭС: Жолдаудан соң қандай жобалар іске асады? 

Наверх