Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ұлттық домбыра күні: Жамбылда 200-ден астам оқушы бір мезгілде "Ерке сылқым" күйін орындады

6 Шілде 2025, 03:34
534
Бөлісу:
 Жамбыл облысының әкімдігі
Фото: Жамбыл облысының әкімдігі

Жамбыл облысында Ұлттық домбыра күніне орай күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевтың шығармашылығына арналған "Саз серігі – Әбдімомын" атты кеш өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Жамбыл облыстық әкімдігіне сілтеме жасап.

Ауқымды мәдени іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, ардагерлер кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері, саяси партиялар мен мәдениет жанашырлары қатысты.

Кештің шымылдығы 200-ден астам жамбылдық оқушының бір уақытта "Ерке сылқым" күйін орындауымен ашылды. Желдібаевтың бұл туындысы – қазақ күй өнерінің алтын қорына енген ерекше шығарма, әрі ұлт рухын ұлықтайтын символға айналған күй.

Өз сөзінде Ербол Қарашөкеев жұртшылықты мерекемен құттықтап, бұл күн тек мереке ғана емес, ұлттық мұра мен мәдени сабақтастықтың символы екенін атап өтті.

Домбыра – қазақ халқының рухани нышаны, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан қасиетті мұра. Бұл – ұлы даланың үнін жеткізетін бірегей аспап. Домбыраның қоңыр үні ақынға шабыт, жауынгерге қуат берген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың домбыраға деген қызығушылығының артып келе жатқанын атап өтіп, бұл – ұлт болашағы үшін қуанышты үрдіс екенін айтты. Біз бұл мәдени байлықты көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аманаттауымыз керек, – деді облыс басшысы.

Кеш барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Парасат", "Құрмет", "Достық" ордендерінің иегері Әбдімомын Желдібаевтың танымал күйлері мен басқа да композиторлардың шығармалары орындалды.

Сондай-ақ, осы күні "Әулиеата әуендері" атты жаңа аудио жинақтың тұсаукесері өтті.

Айта кетейік, Тараз қаласы мен облыс аудандарында Ұлттық домбыра күніне арналған түрлі мәдени іс-шаралар жалғасып жатыр. Бұл – ұлттық өнерге құрмет пен жас ұрпақты рухани тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

Өзгелердің жаңалығы