Ұлттық арна өртеніп кеткен «Алтын қор» туралы айтты

14 Қаңтар 2022, 15:03
2356
Бөлісу:
Ұлттық арна өртеніп кеткен «Алтын қор» туралы айтты
Фото: Әділет Мұсахаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Qazaqstan Ұлттық телеарнасы Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде өртеніп кеткен «Алтын қоры» туралы түсіндірме жасады. Бұл туралы теларнаның баспасөз қызметі хабарлады.

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы «Алтын қорының» бір бөлігі Алматы қаласында жинақталған. Себебі қазақ телевизиясы мен радиосы пайда болғалы сақталған құнды материалдарды өңдеумен айналысатын мамандардың көбі Алматы филиалында. Оқиға кезінде ғимаратқа үлкен залал келіп, 16 мыңға жуық бейнетаспа жинақталған «Алтын қордың» жерасты қоймалары мен цифрланған видеоматериалдар сақталған Серверлер бөлмесін өрт шалды. Бұл серверде осы күнге дейін цифрланған бейнематериалдардың бір бөлігі сақталған (басым бөлігі Нұр-Сұлтан қаласында ) болатын. Бұған қоса, өрт сөндіру кезінде қоймаларды су басты - делінген хабарламада.

Өртенген сервердің жады және кассеталар мен пленкалардың жарамдылығы толық техникалық тексерістен соң айқындалады. Себебі қазіргі кезде қауіптілігіне байланысты ғимаратқа кіруге мүмкіндік жоқ.

Қордағы 110 мыңнан астам аудиоматериал толық цифрланған. Материалдардың цифрлы нұсқасы Нұр-Сұлтан қаласындағы бас кеңседе сақтаулы. Корпорация цифрландыру бойынша кешенді жұмыстардың жалғасы ретінде өткен жылдың соңында «Алтын қор» жауһарларын көпшілікке таныстырып, кез келген елден еркін көруге мүмкіндік беретін https://altynqor.com/ арнайы порталын ашты. Қазір мұнда 1500-ге жуық видео, 700 аудиоматериал бар. Сайтты толықтыру тұрақты түрде жалғасады - деді баспасөз қызметі.

Өзгелердің жаңалығы