Үлкен Алматы өзенінде нөсер жаңбырдан кейін су деңгейі көтеріліп, өзен арнасының гранит қаптамаларының бір бөлігі құлап түскен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлеуметтік желіде блогер Леонид Пирожковский жаңбырдан кейінгі Үлкен Алматы өзенінің суреттерін жариялаған. Кадрларда өзендегі гранит тақтайшалар су ағынына төтеп бере алмай, бірқатары опырылғанын байқауға болады.
Фото: threads.com/@pirozhkovskyi
Осы жағдайға байланысты Алматы қаласының әкімдігі ресми түсініктеме берді.
Әкімдіктің мәліметінше, 1 шілдеде ауа температурасының күрт көтерілуі мен жауын-шашынның түсуіне байланысты Үлкен Алматы өзеніндегі су шығыны секундына 8 текше метрге дейін артқан.
Соның салдарынан Торайғыров көшесінен төмен орналасқан учаскеде өзендегі су көлемінің ұлғаюы бұрыннан бар гранит қаптамалардың жекелеген элементтерінің ығысуына әкелген. Қазір мердігер ұйым аталған учаскеде гранит қаптамаларды анкерлік бекіткіштердің көмегімен нығайту жұмыстарын жедел жүргізіп жатыр.
Әкімдік құлаған гранит плиталары қайта жаңғырту жобасы аясында орнатылмағанын атап өтті.
Бұл гранит плиталары бұрыннан бар конструкциялар. Жоба аясында оларды орнату жұмыстары жүргізілген жоқ, – делінген әкімдік хабарламасында.
Сондай-ақ әкімдік «Үлкен Алматы өзені арнасын №1 тұндырғыштан Абай даңғылына дейін реконструкциялау» жобасы әлі аяқталмағанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасып жатыр. Объект пайдалануға берілмеген және тапсырыс беруші тарапынан қабылданбаған.
Осыған байланысты құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасына, нысанның сақталуына және анықталған кемшіліктерді жоюға қатысты барлық жауапкершілік мердігер ұйымға жүктеледі.
Әкімдіктің түсіндіруінше, құрылыс толық аяқталып, нысан пайдалануға беріліп, қабылдау актісіне қол қойылғаннан кейін ғана үш жылдық кепілдік мерзімі күшіне енеді.
Кепілдік мерзімі ішінде мердігер ұйым өз кінәсінен туындаған барлық ақаулар мен кемшіліктерді өз қаражаты есебінен жоюға міндетті, – деп мәлімдеді әкімдік.
Еске сала кетейік, Алматыдағы өзен арналарының реконструкциясы кезінде кемшіліктер анықталды. Үлкен Алматы өзенінің бір учаскесін аралау барысында құрылыс жұмыстарының сапасына қатысты бірқатар кемшіліктер анықталды.
Алматылықтарға Үлкен Алматы өзеніне шомылудың қауіпті екені ескертілді.