Алдағы күндері, 2026 жылғы 16 және 17 тамызда Жерде геомагниттік белсенділік күшейеді деп күтіліп отыр.
Британдық геологиялық қызметтің болжамынша, бұған Күннен екі рет короналық массаның бөлінуі, сондай-ақ Күн желінің жоғары жылдамдықтағы ағыны әсер етеді.
Алғашқы короналық масса 13 тамызда Күн талшығының бөлінуінен кейін атқылаған. Екіншісі 14 тамыз күні таңертең болған C4.1 класындағы жарқылмен байланысты. Мамандардың есебінше, екі жағдайда да бөлінген масса Жерге қарай бағытталған.
BGS болжамына сәйкес, 14-15 тамызда геомагниттік белсенділік G1 деңгейіне дейін жетуі мүмкін болған. 15-16 тамыз аралығында жағдай негізінен тыныш немесе белсенді болады деп болжанған.
Короналық массалардың негізгі әсері кейінірек, яғни 16-17 тамыз аралығындағы болжамды кезеңнің екінші жартысында сезілуі мүмкін. Олар Жерге жеткен жағдайда геомагниттік белсенділік G2 деңгейіне дейін күшеюі ықтимал. Осылайша, ең елеулі геомагниттік ауытқулар 17 тамызға қараған түн мен таңғы уақытқа сәйкес келуі мүмкін. Дегенмен мамандар Күннен бөлінген заттардың Жерге жету уақыты өзгеруі мүмкін екенін ескертеді.
G1 деңгейіндегі магниттік дауыл әлсіз, ал G2 деңгейіндегі дауыл орташа деп саналады. Мұндай дауылдар энергетикалық жүйелерде ауытқулар тудырып, ғарыш аппараттарының жұмысына әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ магниттік дауыл кезінде поляр шұғыласы әдеттегіден төмен ендіктерде байқалуы ықтимал.