Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, қала жолдарында жүргізілген рейдтер барысында самокаттар мен мопедтерге қатысты жүздеген заң бұзушылық анықталды. Демалыс күндері арнайы тұрақтарға 298 самокат, үш мопед, бір электрлі велосипед және бір мотоцикл қойылды.
Жетісу ауданында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережесін бұзудың 152 дерегін анықтады. Олардың арасында көлікті пайдалану және жолаушы тасымалдауға қатысты заң бұзушылықтар да бар.
Жолдағы қауіпсіздік қозғалысқа қатысушылардың әрқайсысының тәртібіне тікелей байланысты. Сондықтан біздің міндетіміз – жол-көлік оқиғасына әкелуі мүмкін заң бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, оның салдарына жол бермеу. Бақылау тұрақты түрде жалғасады. Әсіресе көлік қозғалысы көп және жол апаты жиі тіркелетін учаскелерге ерекше назар аударылады, – деп атап өтті полиция өкілдері.
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, өз өмірі мен айналасындағылардың қауіпсіздігіне қатер төндірмеуге шақырды.