ҰҚШҰ-да әскери қауіпсіздік мәселесі талқыланды

9 Желтоқсан 2021, 11:31
1370
Бөлісу:
ҰҚШҰ-да әскери қауіпсіздік мәселесі талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әскери ынтымақтастық мәселесі қозғалған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Әскери комитетінің кезекті отырысы бейнеконференция байланысы режимінде өтті.

Отырысқа Қарулы Күштері бас штабтарының бастықтары, Армениядан – генерал-лейтенант Артак Давтян, Беларусь елінен –  генерал-майор Виктор Гулевич, Қазақстаннан – генерал-лейтенант Марат Құсайынов, Қырғызстаннан – генерал-майор Эрлис Тердикбаев, Тәжікстаннан – генерал-лейтенант Эмомали Собирзода, ҰҚШҰ Біріккен штабының бастығы генерал-полковник Анатолий Сидоров, ҰҚШҰ Бас хатшысының орынбасары Тахир Хайрулоев, сондай-ақ Ұйымға мүше мемлекеттердің қорғаныс ведомстволары делегацияларының мүшелері қатысты.

Қатысушылар жауапкершілік аймағында әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша пікір алмасып, Тәжікстан Қарулы Күштерінің Әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштерімен және құралдарымен Ұжымдық авиациялық күштерді дамыту және жедел ден қою ұжымдық күштерінің өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.

Ұйымның бітімгершілік әлеуетін БҰҰ қызметіне тарту жөніндегі жұмыс барысы, сондай-ақ ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер үшін зымыран әскерлері мен артиллерия мамандықтары бойынша әскери кадрларды даярлауда Санкт-Петербург қаласындағы Михайлов әскери артиллериялық академиясының оқу-әдістемелік базасын пайдалану мүмкіндігі туралы ақпарат тыңдалды. 

Отырысқа қатысушылар Орталық Азия аймағындағы әскери-саяси ахуалды, оның өрістеу барысын ай сайын ақпараттандырумен қоса мониторингілеу мен талдауды жалғастыру жөнінде келісімге келді.

2022 жылы Ұйымға төрағалық ету кезеңінде Армения ұсынған әскери саладағы қызметтің басым бағыттары және оларды іске асыру жөніндегі шаралар туралы баяндалды.

Іс-шара қорытындысы бойынша Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын нығайтуға және оларды дамытуға бағытталған уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Өзгелердің жаңалығы